Қарағандылық полиция қызметкерлері Теміртау қаласында бір үйді «миналаған» екі мектеп оқушысын Қызылордада ұстады
Полицияның ақпараты бойынша, бұл оқиға 3 қаңтар күні болды. «Теміртау қаласының 9 жасар тұрғынының ұялы телефонына жасырын нөмірден белгісіз біреу телефон шалып, олардың үйін жарамын деп қорқытқан. Оқиға орнына жедел түрде барлық құтқару қызметтері келіп жетті, 63 адам көшірілді. Мұқият тексеріс барысында жарылғыш зат табылған жоқ», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жалған лаңкестер Қызылорда қаласынан табылды. Олар екі 15 жасар оқушы болып шықты. «Жасөспірімдер бұзақылық пиғылдармен ұялы телефоннан кездейсоқ терілген нөмірге звондап, тұрғын үйді жарамыз деп қорқытқанын мойындады. Қазіргі кезде күдіктілер ата-аналарының қарауына берілді, олардан ешқайда шықпау және тиісті тәртіп туралы қолхаттар алынды. Іс материалдары Қызылорда облысының ІІД-іне процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді», - делінген хабарламада.