Қарақшылық шабуыл жасаған Ресей азаматын 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді

деп хабарлады ҚазАқпаратқа ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Ресей Федерациясының азаматы, Удмуртия Республикасы Воткинск қаласының И. есімді тұрғыны жеке басын куәландыратын құжаттарсыз және тиісті өкілетті органдардың рұқсатынсыз, шекаралық күзет қызметкерлерінің назарынан қасақана қаша отырып, Қазақстан Республикасының шекарасын жаяу кесіп өткен.
Хабарланғандай, шетелдік азамат Орал қаласының аумағында заңсыз болып, тұрақты тұрғылықты жері болмай, үстіміздегі жылғы қаңтардың 24-і күні қаладағы ақша айырбастау орындарының біріне қарақшылық тонау жасаған. Ол Н.есімді азаматқа пышақ жұмсап, АҚШ доллары, ресей рубльі мен теңге түріндегі барлығы 5 миллион 688 мың 440 теңге көлеміндегі соманы қалтасына басқан. Қылмыскерді Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының қызметкері қылмыс орнынан қашу үстінде қолға түсірді.
Ағымдағы жылғы желтоқсанның 14-і күні Орал қалалық сотының үкімімен ресейлік азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 330 бабының 1-ші бөліміне (Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту) және 179 баптың 3-ші бөлімі «в» тармағына (ірі көлемдегі мүлікті ұрлау мақсатындағы қаршылық) сәйкес, мүлкін тәркілеумен қатар, 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейді.