Қарақшылық шабуыл жасап, 700 мың теңгені тартып алмақ болған «жалған полицейлер» ұсталды - ҚР ІІМ
«Шымкенттік полиция қызметкерлері травматикалық қару қолдану арқылы қала тұрғыны мен оның отбасына қарақшылық шабуыл жасаған 22 жастағы екі облыс тұрғынын ұстады», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, таңғы мезгілде әкесі мен ұлы Алматы-Ташкент тас жолы бойында орналасқан мал базарында 7 бас ірі қара малын 700 мың теңгеге саудалап, үйлеріне қайтып келе жатады. Қайтар жолда оларды азаматтық киімдегі белгісіз екеу тоқтатып, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырады. Құжат талап еткен оларға әкелі-балалы екеуі де оның үйде қалып қойғанын айтады. Үй маңына келіп, ұлы құжаттарды алып келуге кеткен уақытта әлгілер азаматқа тап беріп, оның төс қалтасындағы малды сатудан түскен ақшаны тартып алмақ болып ұрып-соға бастайды. Шуды естіп үйден шыққан отағасының ұлы мен әйеліне қылмыскерлер травматикалық тапаншадан оқ атып, жаралап, оқиға орын алған жерден іздерін суытады.
«Сол күні қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскерлер көп ұзамай қолға түсіп, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау абақтысына жабылды. Күдіктілерден 9 миллиметрлік газ-травматикалық тапаншасы алынды», - деді Н.Ораз.