19:00, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Қарашығанақ газы негізінде газ-химиялық кешен салу көзделіп отыр
ОРАЛ. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы мамырдың 6-сындағы №641 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2009-2015 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына сәйкес Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ газы негізінде метанол, полипропилен шығаратын газ-химиялық кешен салу көзделіп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, аталмыш кешен метанол, полипропилен, метионин (ірі қара мал азығына қосымша), формальдигидтелген қарамай, метил-трет-бутилді эфир, жоғарғы октанды бензин және дизель отыны өндірісін ұйымдастыруды қарастырады.
Сондай-ақ қазіргі уақытта өңірде «БМ» фирмасы құны 6675 млн.теңге болатын «Биохимиялық комбинат құрылысы» жобасын жүзеге асыруда. Өндіріс қуаты ? жылына 12 мың тонна ұлпа, 27 мың тонна мал азығын, 30 млн./л биоэтанол өндіреді. Ал «БатысКалий» фирмасы калийлі минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі жобаны жүзеге асыруда. Бұл жоба Үкімет жанындағы Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында анықталған макроөңірді экспорттық мамандандырудың екі бағытының біреуі болып табылады.