16:54, 20 Қазан 2012 | GMT +5
Қаратөбеліктер қарттар үйіне келіп, жерлестеріне құрмет көрсетті
ОРАЛ. 20 қазан. ҚазАқпарат - Қайырымдылық айлығы аясында Қаратөбе ауданы әкімі орынбасары Сатқан Өмірзақов бастаған делегация БҚО қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Орал медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі жерлес қариялардың көңілін марқайту мақсатында кездесуге келіп, естелік сыйлықтарын табыстады.
Жиналысқа аталмыш мекеме директорының әлеуметтік ісі жөніндегі орынбасары Теміржан Хасанов қатысты.
Жүздесу барысында Қаратөбе аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі Мақсот Ермеғали және басқалар сөз алып, жиналған көнекөз қарттарға жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ал туған жерінің өнерін сағынғандар үшін аудандық мәдениет үйінің термешісі Нұршат Ислямғалиев қара домбырамен Мұхит пен Ғарифолла әндерін әуелетті.