Қаратоғай ауданында бес гектар жерге 50 жылыжай салу көзделуде - Қызылорда облысы
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Облыс орталығының шеткері аймағындағы Қаратоғай ауданында бес гектар жерге жылыжай жүйесін салу көзделуде. Осыншама алапта 50 жылыжай кешені қанат жаяды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған бұл жобаны «Жан» шаруа қожалығы жүргізеді. Оны «Ауыл шаруашылығына қолдау көрсету қоры» АҚ қаржыландырып отыр. Қор директорының орынбасары Имат Қуанышевтің айтуынша, жобаның жалпы құны 250 млн. теңгені құрайды. Мұнда жылыжайлар кешенін салып шығумен бірге, оларды агротехникалық жағынан қамтамасыз ету бағдарламасы енетін маман агрономдармен қамтамасыз ету де кіреді. Түркиядан арнайы келгелі тұрған бұл маман жылыжай шаруашылығының ұңғыл-шұңғылын үйрететін болады. Келісім-шартқа сәйкес ол мұнда алғашқы өнім алынғанша тұрады. Жобаның құрылысын «GREATSUN - ASTANA» құрылыс компаниясы жүргізеді. Жылыжай құрылысына жергілікті ауа райы жағдайына төзе алатын материалдар пайдаланылады. Айталық, дәстүрлі клеенка жамылғының орнына жылыжайдың шатыры бұл жолы поликарбонатпен жбылады. Шыны мен пластмассадан тұратын бұл материал Ресейден алдырылады.
Қазіргі таңда болашақ шаруашылықтың аумағына әкімшілік үйі, шеберхана, шаруашылық құрылыстары салынып бітті. Елу жылыжайдың іргетасы да қаланды. Ал барлық кешенді пайдалануға беру алдағы көктем айларында жүзеге асады деп күтілуде. Содан кейін қор оны лизингілік негізде «Жан» шаруа қожалығына өткізеді. Жылыжай кешенінің болашақ иелері онда қызанақ, қияр, гүдер көшеттерін егуді жоспарлап отыр.