Қарғалы өзенінде су деңгейінің көтерілу қаупі жоқ - Қазселқорғау

Бұған 1842 адам мен 331 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖК.
Наурызбай ауданындағы тазартылған аумақтан 21 000 текше метрден астам тұрмыстық қалдық пен лайлы сел қалдығы шығарылды, Қарғалы өзені сағасының 1,6 шақырымы тазартылды.
Алатау ауданы Алғабас кентінде Ақсай орталық көшесі тазартылды. 14 110 текше метрден астам тұрмыстық қалдық пен лайлы-сел қалдығы шығарылды. Әуезов ауданынан 1500 текше метрден астам тұрмыстық қалдық пен лайлы-сел қалдығы шығарылды.
Жалпы зардап шеккен аудандардан 36 610 текше метр тұрмыстық қалдық пен лайлы-сел қалдығы шығарылды.
ТЖК Республикалық жедел құтқару жасағы мен Алматы қалалық құтқару қызметі апаттық жағдайдағы ағаштарды жоюда.
«Қазселқорғау» ММ Қарғалы бөгетіндегі селден қорғау аумағын тазартып жатыр. Сонымен қатар Қарғалы өзенінің бөгетінен жоғары тұрған көпір қалпына келтіріліп жатыр.
Сумен қамту қызметінің 15 техникасы тұрғындарды ауыз сумен қамтуда.
Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті 223 жеке тұрғын үйде залалсыздандыру жұмыстарын өткізді.
Электр тарату желілерін қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр.
«Қазавиақұтқару» АҚ және Алматы қаласы Құтқару қызметінің тікұшақтарымен авиация кезекшіліктері жалғасуда.
Қарғалы өзені арнасындағы судың өту күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп отырған «Қазселқорғау» ММ мәліметінше, су шығыны секундына 2,8 текше метрді құрайды. Судың көтерілу қаупі жоқ.