Қармақшыда самбодан Т.Көмекбаевтың дәстүрлі мемориалы өтті - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 10 мамыр. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кентінде самбо күресінен Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске түсіруге арналған халықаралық мемориал өтті.
None
None

Бұл жолы ол сонымен бірге Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне де арналды.

Биыл қатарынан 16 жыл өткен турнирге Қытай, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзірбайжан елдерінен, Астана және Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 25 команда, 250 спортшы атсалысты. Жарыс 9 салмақ дәрежесі бойынша (52, 57, 62, 68, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары) өткізілді.

Халықаралық турнирді Қармақшы ауданының әкімі Биғали Қаюпов ашып, спортшыларға сәттілік тіледі. ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Әбіл Донбаев Т. Көмекбаев атындағы қоғамдық қордың президенті Дүйсенбек Жақсығұловқа «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.

Алғашында республикалық, он жылдан бері халықаралық дәрежеде өтіп, мемориал мәртебесін алған бұл турнир талай саңлақтардың бағын ашты, спорт әлеміндегі алғашқы баспалдағы болды. Ал құрметіне турнир ұйымдастырылып отырған батырдың туғанына биыл 115 жыл толып отыр. 1941 жылы Қармақшы жерінен аттанған жас жауынгер Тәйімбет Көмекбаев кеудесіне Алтын жұлдыз тағып оралды.

Мемориалда Ербол Төлегенов (52 кг, Атырау), Аманхан Өскенбаев (57 кг, ОҚО), Қайрат Жалғасбаев (62 кг, Қармақшы), Олжас Батталов (68 кг, Ақтөбе), Қайрат Үсенов (74 кг, Қармақшы), Алмат Тайбағаров (82 кг, Қармақшы), Жасұлан Досымов (90 кг, Қармақшы), Сәкен Бөлегенов (100 кг, ОҚО), Әділхан Сұлтанов (+100 кг, Тараз) жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қызылорда облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының, Қармақшы ауданы әкімдігінің, Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев атындағы қоғамдық қордың медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.

Турнирде сондай-ақ төл күресімізді насихаттау мақсатында жылдағы дәстүр бойынша қазақ күресінен «Түйе палуандар» сайысы ұйымдастырылды. Бұл сайыста қармақшылық Жасұлан Досымов бас бәйгені жеңіп алып, 1 млн. теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Екінші орын алған жалағаштық Руслан Әбдіразақовқа - 300мың теңге, үшінші орындағы әзірбайжандық Илья Сагировке 100 мың теңге табыс етілді. Сонымен қатар, «Ең үздік айласы үшін» аталымымен Мұстафа Хасанов (Тәжікстан) марапатталды.

Соңғы жаңалықтар