07:25, 30 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қармақшыда соғыс және еңбек ардагері Боқанбай Медешовке көше аты берілді - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы бұрынғы Жеңістің 35 жылдығы көшесіне соғыс және еңбек ардагері Боқанбай Медешовтің аты берілді.
Соғыс және еңбек ардагері Боқанбай Медешов Дүр Оңғар ауылында туған. 1935-1936 жылдары Қазалы қаласындағы ФЗУ-ды сондай-ақ Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищесінің бастауыш сыныптар мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Төретам кентіндегі мектепте мұғалімнен бастап, директор қызметіне дейін көтеріледі. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, жауынгерлік борышын өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысына аттанады. Ержүрек жауынгер бірінші Украин майданында атқыш, барлаушы болып, жауға қарсы соғысады. Ерліктері үшін майдангер «Қызыл ту», «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Жеңіспен елге оралған Боқанбай Медешов балалар үйінде, аудандық «Промкомбинатта» басшылық қызмет атқарған.