Қарулы күштер қатарына БҚО-дан 800-дей жас алынбақшы

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы күзгі-қысқы шақыру кезінде Қарулы күштер қатарына Батыс Қазақстан облысынан 800-дей жас алынбақшы.
None
None

БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, әскери қызметке келісімшарт және шақыру бойынша қабылдау басқармасының бастығы Марат Тоқпаевтың айтуынша, Орал қаласы мен облыс аудандарында қыркүйек айында басталған әскер жасындағыларды іріктеу жұмысы қызу жүргізілуде. Басты қойылатын талап - олардың дені сау және орта білімі болуы керек. Өкінішке қарай, әскерге шақырылушылар арасында іш құрылысы, жүрек-қан тамыры аурулары, майтабандық жиі кездеседі. Әр екінші жастың көзі нашар көреді.

Биылғы бір ерекшелік, жаңадан қабылданғандар бұрынғыдай өз киімдерімен емес, бірден жыл мерзіміне сәйкес әскери киімдерін киіп аттанады. Қазанда - ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы күштеріне, қарашада - шекара әскері мен ҰҚК сапына, желтоқсанда Мемлекеттік күзетке баратындарды аттандыру көзделуде. Әскерге шақырылушылар көбінесе аэромобильді және теңіз жаяу әскері қатарында қызмет еткісі келеді. Сондай-ақ Президент күзеті қызметіне де барғысы келетіндер аз емес. Қазірдің өзінде Ұлттық ұланға бойы 185 сантиметрден кем емес, күші де мығым 17 жас іріктеліп алынды.

Соңғы кезде әскерде келісімшарт бойынша қызмет еткісі келетіндер саны көбеюде. Әскери борышын өтегендерден 10-15 адам келісімшарт бойынша қызмет етуге қалуда. Оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау ұдайы көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум