Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаев Қазақстан тарихындағы тұңғыш Жауынгерлік парадқа қатысады

АЛМАТЫ-ОТАР. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін, Отан қорғаушы күнінде «Отар» 40-ыншы әскери базасында ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жауынгерлік парад өтеді.
None
None

Отан қорғаушы күні биыл Қазақстанда мемлекеттік мереке ретінде алғаш рет атап өтілуде. Осыған орай әскери қызметшілер бұған дейін тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ ТМД елдерінде өтпеген ауқымы мен мазмұны жағынан ерекше парадты ұйымдастырды. Жауынгерлік парадтың дәстүрлі әскери парадтардан ерекшелігі солдаттар мен офицерлердің кәсіби шеберліктерін көрсету, заманауи қару-жарақтар мен әскери техниканы іс жүзінде пайдалану болып табылады.

Көкке ракеталар ұшырылады, бомбалар лақтырылып, қарудың барлық түрінен оқ-дәрілер атылады. Су-25, Миг-29, Су-27, Л-39 және өзге де ұшақтар мен Қазақстанда құрастырылған тікұшақтар көрсетіледі. «Жетісу» және «Сұңқар» топтары ұшу мәнерінің жоғарғы шеберлігін көрсетпек. Сондай-ақ «Airbus Military» C-295 турбиналы-винтті ұшақтардан әуе десантшылар секіретін болады. Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғанысын көрсету үшін әуедегі нысаналар бойынша С-125 зенитті-ракеталы кешеннен зенитті басқарылатын ракеталар жіберілетін болады.

Жауынгерлік парадта ерекше орынға сондай-ақ Ракеталық әскерлер мен артиллерияның қарулары ие: «Точка У» тактикалық ракеталық кешендер, «Град» және «Прима» залппен ату ракеталық жүйелері, МСТА-Б және Д-30 гаубицалары, «Солнцепек» ауыр отты қару жүйелері, «Штурм-С» танкіге қарсы ракеталық кешені және басқалары бар.



Сонымен қатар, Маңғыстау облысынан Каспий теңізіндегі "Казақстан" ракеталық-артиллериялық кеменің ұрыс жүргізу тәсілдері тікелей монитордан көрсетілетін болады. Бұдан кейін әскери техника, қару-жарақ және отандық қорғаныс өндірісінің жетістіктері көрмесі өтіп, әскери парад 21450-әскери бөлімінің ашық есік күнімен өз мәресіне жететін болады.

Парадқа Қарулы Күштердің, ІІМ Ішкі әскерлерінің, әскери оқу орындарының, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің, ТЖМ-нің бөлімшелері және Республикалық гвардияның салтанатты батальоны қатысуда. Жауынгерлік парадқа барлығы жеті мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылды, 400-ден астам әскери техника, 80-нен астам ұшақ пен тікұшақ пайдаланылады.

Соңғы жаңалықтар