Қаржы министрлігі: 25 ірі компания салықтық руллинг жүйесіне қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 25 ірі компания салықтық руллинг қағидаты бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Мәжілісте өткен «Салықтық руллинг – салық заңнамасын түсінікті қолданудың тиімді жүйесі» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, салықтық руллинг жүйесі компаниялардың қызметін алдын ала талдап, олардың болашақ салық міндеттемелеріне қатысты түсініктеме беруге мүмкіндік береді.
– Мысалы, мен белгілі бір келісімшарт жасаспақпын, тауар жеткізу белгілі бір айда жүзеге асады. Осындай жағдайда мен салықты қалай төлеймін, есепті қалай жүргіземін деген сұрақтар туындауы мүмкін. Міне, салықтық руллинг енгізілген жағдайда мемлекеттік органның мамандары болжамды салық міндеттемелері бойынша нақты жауап бере алады, – деді Ержан Біржанов.
Жаңа жүйе жаңартылған Салық кодексі аясында іске асырылып отыр. Қазіргі таңда көлденең мониторинг жобасына 25 ірі компания қатысып жатыр.
Сонымен қатар министрлік салық саласында жиі қойылатын сұрақтарға арналған деректер базасын қалыптастырып жатыр.
– Жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін көптеген сұрақтар туындап жатыр. Мысалы, өткен жылы салықтық нормалар бойынша түсініктеме алу үшін шамамен 400 мың салық төлеуші жүгінген. Сол себепті біз ең өзекті сұрақтар мен жауаптарды қамтитын деректер базасын әзірлеп жатырмыз. Ол біздің порталға орналастырылады. Базада жасанды интеллект элементтері бар іздеу жүйесі жұмыс істейді. Яғни қолданушыға нақты бапты енгізудің қажеті жоқ, қарапайым сұрақ қойса, жүйе тиісті жауапты автоматты түрде ұсынады, – деп толықтырды вице-министр.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.