Қаржы министрлігі «е-аудит» қызметін енгізуді жоспарлайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сәйкес «е-аудит» қызметін енгізуді жоспарлайды. Бүгін мемлекеттік органдардың салықтық тексерулер тәртібіне арналған дөңгелек үстел жиыны барысында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің басқарма басшысы Серік Айсин осылай мәлім етті. Дөңлегек үстел жиынына ірі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен салық төлеушілер қатысқан болатын.
None
None

Шара барысында ішінара салықтық тексерулер үшін салық төлеушілердің тәуекел топтарын айқындау және тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдарының құрылымдық бөлімшелерінің өзара іс-қимыл тәртібі мәселелері талқыланды.

«Салықтық әкімшілендіру реформасы бойынша жүзеге асатын жобалар аясында қамтылатын жаңалықтар баршылық. Солардың бірі электрондық аудитті енгізу. Аталған «е-аудит» Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысатын елдерде кеңінен қолданылып келеді. Бұл тәжірибені біз де енгізуді жоспарлап отырмыз», - дейді С.Айсин.

Оның сөзіне қарағанда, электрондық аудит - бұл салық төлеушінің бухгалтерлік есебінің автоматтандырылған жүйесінен бірыңғай стандартты құжаттарды қалыптастыру және оны пайдалану мәселелерін қамтитын болады.

Айта кетерлігі, сарапшылардың сөзіне сүйенсек, салықтық тексерулер бойынша электрондық аудитті енгізу үшін алдымен бірқатар проблемалар шешімін табуы тиіс. Атап айтқанда, бұған ең алдымен құқықтық база қалыптасып, бухгалтерлік есеп жүйесін автоматтандыру қажет етіледі, яғни ірі салық төлеушілер салық органдарының тексерулері барысында бухгалтерлік есеп мәліметтерін электрондық түрде беруге міндеттелуі шарт.

Соңғы жаңалықтар