Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қаржы министрлігі жалған кәсіпкерліктің алдын алуға бағытталған карта әзірлеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы министрлігі жалған кәсіпкерліктің алдын алуға бағытталған карта әзірлемек. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті.

 Қаржы министрлігі жалған кәсіпкерліктің алдын алуға бағытталған карта әзірлеуде

«Бізде басқаның емес, жалған кәсіпкерліктің нәтижесі керемет. Салықтық тексерістер бойынша бізде 2015 жылы  аударылмаған төлемдер - 54,5 млрд теңге болып отыр. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Соның ішінде 24 млрд теңге өндіріп алынса, 2600 жалған кәсіпкерлік анықталды, 2 мыңға тарта ҚҚС төлеушілер есептен шығарылды. 3 млрд теңге қолма-қол ақшаға аудару барысында ұсталды, бюджетке келтірілген залал көлемі 60 млрд теңгемен өтелді. 3 200 жалған ақша купюралары анықталып, 32 заңсыз казино жабылды», - деді Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, жалған кәсіпкерлік ел экономикасына айтарлықтай залал келтіріп отырған құқық бұзушылық болып табылады. Олардың қызмет нәтижесінде бюджетке миллиондаған салықтық түсімдер аударылмай қалып жатыр.

«Олардың барлығы салықтан жалтаруды ойлайды. Дегенмен, біз алдағы уақытта жалған кәсіпкерліктің алдын алуға бағытталған карта әзірлемекпіз.  Біз үшін ең басты мәселе - тіркеу. Бүгінгі күні кәсіпорынды тіркеу де, оны қайта тіркеу де, қосып тастау да жеңіл, оңай. Бұл тым нәзік мәселе. Сондықтан да, біз бұл жерде теңгерімділікке қараймыз, осы проблемаға мұқият келетін боламыз», - деді вице-министр.