Қаржы полициясы заман талабына сәйкес өмірге келді

ОРАЛ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қаржы полициясының 15 жылдығы Батыс Қазақстан облысында да кеңінен аталып өтілмек.
None
None
БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің ( қаржы полициясы ) баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, мерейтойлық шаралар Оралда маусымның 6-ында өткізілмек. Аталмыш жүйе Батыс Қазақстанда құрылған кезде оның алғашқы басшысы болған Серік Тұрсыновтың айтуынша, сол уақытта еліміздің нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты салық заңдылығын бұзушылармен күресетін құқық қорғау органын құру қажеттігі пайда болды. Соған сәйкес ҚР Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы маусымның 6-сындағы қаулысына сәйкес ҚР Қаржы министрлігі салық қызметі құрамында арнайы құрылым ? салық милициясы басқармасы құрылды. Сол жылғы тамыздың 24-інде алғашқылардың қатарында ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен және БҚО әкімі, облыстық салық комитетінің төрағасы Ерболат Жұмағалиевтің келісімімен С.Тұрсынов БҚО салық комитеті салық милициясының бастығы ? БҚО салық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған еді. Ол кезде солай аталған осы қызметте 1998 жылғы мамырдың 6-сына дейін жұмыс жасаған Серік Тұрсыновтың пікірінше, салық милициясының жұмысын ұйымдастыру жеңіл болған жоқ. Мұндай істе тәжірибе де жоқ еді. Бәрін жаңадан бастауға тура келді. Бюджет қоржынын толтыру үшін салық заңдылығын бұзушылармен күрес тәсілін де үнемі жетілдіру қажет еді. Осындай жұмыстар нәтижесі 1995 жылдың басында-ақ көріне бастады. Ең басты назар салық төлемеушілерді іздестіруге, мерзімінде түспеген салықтың орнын толтыруға, жалған кәсіпкерлікпен айналысушыларға, отандық және шетелдік компаниялардан қаржыны бюджетке түсіруді қамтамасыз етуге, жалақы мен зейнетақыны уақтылы төлеуге аударылды. Спирт және басқа тауарларды контрабандалық жолмен шығаратын орындарды жою, коммуналдық-мемлекеттік меншікті жекешелендіруде заңдылықты сақтау мен салықтық түсімді қамтамасыз етуде де көптеген жұмыстар тындырылды. ҚР Президентінің 1995 жылғы сәуірдің 24-індегі Жарлығымен «Салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң қабылданып, онда салық милициясының құқықтық мәртебесі мен құрылымы айқындалды. Осы кезден бастап ол енді ҚР Салық полициясы болып атала бастады. Салық полициясы бюджет «бүйірін» толтыруды ойлап қана қоймай, осы қызмет адамдарын қорғауды да қамтамасыз етті. Бірте-бірте буыны бекіген полиция қызметі өзгерістерге де ұшырады. 1997 жылғы желтоқсанның 8-інде Қаржы министрлігінің құрамында салық полициясы департаменті құрылып, ол қылмыстың жолын кесетін арнайы құқық қорғау органының мәртебесіне ие болды. Алғашқы кезде жұмысқа салық инспекциясының, ішкі істер органының тәжірибелі қызметкерлері тартылса, кейін тергеу жұмыстарын жүргізетін арнайы білімі бар заңгерлер де қабылдана бастады. Мұның бәрі іске оң әсерін тигізгені анық. Осы қызмет негізінде Елбасы Жарлығымен ҚР Қаржы полициясы агенттігінің құрылуы да көп жылғы жұмыстың нәтижесі еді.
Соңғы жаңалықтар