Қаржы полициясы Ж.Досқалиевке қатысты тағы бір фактіні жария етті
Оның атап өтуінше, 2009 жылғы қарашада 240 орындық, жалпы құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын Республикалық медициналық жедел жәрдем ғылыми-зерттеу орталығы Ж.Досқалиевтің бұйрығымен
министрліктің балансына алынып, іске қосылған. Алайда қазір мемлекеттік комиссияның шешімімен қабылданған нысанның құрылыс жұмыстары сапасыз әрі жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейтіндігі анықталып отыр. «Инженерлік-коммуникациялық жүйесі жұмыс істемейтіні, қысқы уақытта жылу беру жүйесінің сынатындығы, ал медициналық қызметкерлер өз ақшаларына жылыту құралдарын сатып алып, тіпті кейбір процедура кабинеттерінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндіктері жоқтығы анықталды. Институттың бүкіл кәріз жүйесі қосымша жөндеу және қайта құру жұмыстарын өткізуді талап етеді. Одан бөлек институт 600 миллион теңгенің медициналық құрал-жабдықтарымен, жиһазымен қамтамасыз етілмеген», деді ресми өкіл.
Аталған барлық кемшіліктерге әрі осыған байланысты қабылдау-өткізу актісіне қол қоюдан бас тартқан институттың лауазымды тұлғаларының қарсылығына қарамастан нысан балансқа қабылданған. М.Жұманбай «осы факті бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», деп сөзін түйіндеді.