Қаржылық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша инспекциясы 9 айда 475 тексеру жүргізді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер және шаруашылық нысандары бар. Аталған тексерулер 3735171,5 мың теңгенің қаржылық жолсыздықтарын анықтады. Бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есеп беруді жасау ережесін бұзу және қаржылық активтерді қолданудағы жөнсіздіктер тыйылмай келеді. Одан басқа «ҚР мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының рәсімдері бұзылғандығы анықталды. Бюджетке өтеуге және қалпына келтіруге тиісті 2895376,6 мың теңгенің 2686661,2 мың теңгесі өндіріліп, қалпына келтірілді.
Қолданылған шаралар нәтижесінде 306 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның 10-ы қызметінен босатылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес 39 лауазымды адамға 4016,5 мың теңге көлемінде салынған айыппұлдың 3196,3 мың теңгесі өндіріліп алынды. Жүзден аса бақылау материалдары 288644,7 мың теңгеге келтірілген залал сомасымен кінәлі азаматтарға процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына берілді.