Қаржыны игеруге қатысты талап қатаяды - БҚО әкімі Н.Ноғаев

Ол 28 қараша күні Елбасының барлық деңгейдегі әкімдермен өткен кездесуінде көтерілген мәселелерге арналды.
Жиынды ашқан облыс басшысы соңғы жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі өңірлерді атқарылған істеріне, алдағы уақытта қандай шараларды қолға алатынына қарап бағалап отырғанын жеткізді. Соған сәйкес Ақ Жайық өңірі де тиісті бағасын алып келеді. Мәселен, өткен жылғы рейтинг қорытындысында облыс бел ортада болды. Ал кейбір көрсеткіштер бойынша артқы орындардан табылды. Оның өзіндік себептері бар. Өңір басшысы осы рейтинг жүргізу арқылы қай саладағы жұмыста басымдық бар екені, қай салада ақсап жатқанын көріп, соған байланысты ол тиісті шара қабылдауға мүмкіндік беретінін айтты.
-Елбасымыздың төрағалығымен өткен жиында айтылған ең басты мәселе - бұл мемлекеттің азаматтарға қызмет көрсетуі. Халыққа қызмет көрсету орталығы, басқа да мекемелер арқылы біз тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы ақсап жатады. Атап айтар болсақ, ол көбіне жер, құрылыс мәселелеріне қатысты. Ол жергілікті жерлердегі әкімдердің оған жете мән бермеуінен туындап отыр. Ондай мысалдар бізде де жоқ емес. Кей кездері Елбасының, Үкімет жетекшісінің атына, Президент Әкімшілігіне жазған өтініш-шағымдарға байланысты мәселені анықтау барысында бұл бағытта қажетті жұмыстың жүргізілмегені анықталып жатады. Егер жергілікті жердегі басшылар өздерінің лауазымдық міндеттерін дұрыс атқарса, сол мәселені алдын алуға болатынына көзің жетеді. Мұндай олқылықтар Тасқала және басқа да аудандарда орын алып жүр. Турасын айтсақ, әлі күнге дейін болмашы нәрсе үшін тартысып жүрміз. Соның кесірінен тұрғындардың наразылығы туындайды әрі біраз мемлекеттік қызметшінің уақыты босқа рәсуалануда.
Мемлекет басшысының қадап айтқан тағы бір мәселесі - ақпарат көздерін, жаңа технологияларды қолдану. Нақтылап айтқанда, электронды құжат айналымы. Жұмыс барысында электронды құжат айналымын қолдану турасында өзімнің орынбасарларыма, басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне, өзге де жауапты тұлғаларға әрқашан айтып жүрмін. Ол біліктілікті арттырып қана қоймайды, қағазға, бояуға және өзге құрал-жабдықтарға кететін материалдық шығындарды азайтуға үлкен септігін тигізеді. Осы жерде тағы бір айта кетер жайт, мекемелердегі аудармашы қызметі. Бұл - өзіміздің мемлекеттік тілге дұрыс мән беріп отырмағандықтың көрінісі. Мен кейде бір іс қағаздарды сұратсам «аудармашыларда жатыр» деген жауап естимін. Сонда кім кімді алдатып жүр?! Әкімдер, мекеме басшылары ауыз екі айтатын сөзін біліп қана қоймай, іс қағаздарын жүргізуді де білуі шарт. Негізі мемлекеттік құрылымда аудармашы деген штат болмауы керек. Мекеме басшы келген қағазға бұрыштама соғып отырмай, бұл іске өзі араласуы керек. Яғни өз ойын өзі жазуда, жаңа технологияларды пайдалануда үлгі болуы тиіс, - деді Нұрлан Асқарұлы.
Сонан соң Орал және Ақсай қалаларында қаншама жалдамалы пәтер, онда қанша адам тұрып жатқандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы айтылды. Бұл қылмыстық ахаулды күрделендіретін құбылыс екені сөзсіз. Мұндай пәтер иелері салық төлеп жатпағаны белгілі. Осы мәселені реттеу үшін облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Серік Шәпкеновке, Орал қаласының, Бөрлі ауданының әкімдеріне тапсырма берді. Бұл іске учаскелік инспекторларды, аға буын өкілдерін тарту қажеттілігі де айтылды.
Келесі мәселе - республикалық, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны игеру. Бүгінде республика бойынша 143 млрд. теңге игерілмей жатыр. Бұл - БҚО-ның жылдық бюджетінен де көп қаржы. «Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қиындыққа байланысты жалақы, зейнетақы төлейтін қаражат болған жоқ. Ал қазір ақша бар, игерілу нашар. Оған жобалық-сметалық құжаттамалар, техникалық-экономикалық негіздемелер уақтылы жасалмауы немесе мердігердің өз міндеттемелерін орындамауы себеп болып отыр. Онда жағдайлар бізде де бар. Мердігер өз міндеттемесін орындамауы себепті облысымызда бірнеше нысанды тапсыру мерзімі ұзап кетіп жатыр. Президент айтқандай, алдағы уақытта кім қажет құжаттарды уақытымен тапсырып, бөлінген қаражатты өз уақытында игерсе, қаражат соларға берілмек. Қалғандары қысқартылмақ. Сөйтіп қаржыны игеру тиімділігі қолға алынбақ. Біз бұл туралы бұрыннан айтып келе жатырмыз. «Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» дегенді қоятын кез келді. Келісім-шарт жасасып, өзіне міндеттеме алған екен, оны орындасын. Енді қаржыны игеруге қатысты талап қатаяды. Басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері мұны жіті қадағалап, бақылауды күшейтуі тиіс», деді әкім.
Жиын барысында сондай-ақ Кеден одағы аясында шекаралас облыстармен арадағы байланысты нығайту, жергілікті өзін-өзі басқару, көші-қон, жұмыссыздықпен күрес, жастарды қолдау, дін ахуал туралы де сөз болды.