Қашанда жанынан арын биік қойған қазақ халқы тектіліктің үлгісін көрсетіп отыр - Президент
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы еліміз барыс жылында батыста беделді ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырғандығын, сондай-ақ алдағы жылы Ислам конференциясы ұйымына басшылық ететінімізді айта келе, бұл Қазақстан үшін үлкен абырой екенін атап өтті.
«Мұнда әрине мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқының үлесі үлкен. Қашанда жанынан арын биік қойған халқымыз тектіліктің үлгісін көрсетіп, төңірегіндегі ұлттарды, ұлыстарды ұйыстырып отыр», - деді Президент.
«Іргеміздегі ағайын арасында оқ атылып, қан төгіліп, бір ұлт екіге жарылып, азамат соғысы тұтануға жақын тұрғанын білесіздер. Осының барлығы түптеп келгенде берекесіздіктен, мемлекеттік дәстүр мен елдік мәдениеттің кемдігінен деп білу қажет», - деп қынжылыс білдірді Елбасы.
Береке-бірлігі жарасқан Қазақстанның ізгі бастамалары бүгінде әлемнің өзге елдеріне өнеге-өсиет көрсетіп отырғанын ескеріп өткен Президент, «біз тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде іргесі бекем, төрт құбыласы сай мемлекет орнатып қана қойғанымыз жоқ, сонымен қатар үзіліп қалған мемлекеттік дәстүрді жалғап, елдік мәдениет деген ұғымдарды қайта жаңғырттық», деді.