Кәсіпкер резеңкеден өрнек тас төсемін шығарды

А. Жайбергенов бұл ісін бастар алында өңірдегі нарыққа зерттеу жүргізген. Сөйтіп, үгітілген резеңкеден өрнек тас төсемдерін жасау ісін өрістетуге бекем бел буыпты. Сонан соң «Даму» қоры арқылы несие алып, оған өзінің жинағынан қаражат қосқан. Жергілікті бизнес-инкубатордан барлық инфрақұрылымы дайын ғимаратты арзан бағаға жалға алып отыр. Кәсіпорнында жұмыс істейтін 4 адам ресейлік мамандардан шеберлік шыңдаған. Олар бір айдың ішінде 1 мың шаршы метрге жуық өрнек тас төсемін шығаруға қол жеткізді.
«Егер ұсыныс болса, айына 3 мың шаршы метрге дейін өнім шығаратын мүмкіндігіміз бар», - дейді Амандық Жайбергенов. Оның айтуынша, үгітілген резеңке әуелі арнайы аппаратта сығымдалады. Содан кейін пеште қыздырылып, 7 сағаттан соң дайын өнімге айналады. Шикізат ретінде ескірген көлік дөңгелегі қолданылады. Оны үгітілген күйінде Ресейден алып отыр, деп хабарлады egemen.kz.