Кәсіпкерлер жалдамалы тұрғын үйге инвестиция салуға құлықсыз - Н. Тихонюк
Бұл туралы бүгін ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының қатысуымен жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөніндегі Президенттің тапсырмаларын іске асыру мәселесі бойынша дөңгелек үстел отырысында агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында Мемлекет басшысы 2012 жылдың аяғына дейін жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.
Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Үкіметі арнайы қаулы қабылдап, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне, бірқатар министрліктерге, Астана мен Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктеріне, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-на саланы зерттеп-зерделеп, қажетті ұсыныстар әзірлеуді тапсырған.
Осы ретте агенттік бұйрығымен ұсыныстар дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Әділет, қаржы, экономикалық даму және сауда, индустрия және жаңа технологиялар, білім және ғылым министрліктері, жер қатынастарын реттеу агенттігі мен Ұлттық банк өкілдері кірді. Жұмыс тобының үш отырысы өтіп, осы мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен облыс әкімдерінің ұсыныстары қаралды.
Нәтижесінде жалдамалы тұрғын үй нарығын дамытып, жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленген. Солардың ішінде жалдамалы тұрғын үй құрылысына жеке инвесторларды тарту мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.
«Кәсіпкерлер жалдамалы тұрғын үй құрылысын жүргізуге құлықсыз. Себебі салған инвестициясын қайтару жүйесі ұзақмерзімді болғандықтан, бұл оларға тиімсіз. Сондықтан жеке инвесторлардың бұл бағдарламаға қызығушылығы төмен. Осы мәселені жете зерттеп-зерделеу қажет. Бұл орайда шетелдік тәжірибені де таразылаған жөн», - деп атап өтті Н. Тихонюк.