15:47, 21 Тамыз 2010 | GMT +5
Кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алған БҚО сот әкімшісінің ісі сотқа берілді
ОРАЛ. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО сот әкімшісі А.Өтегеновтің үстінен ҚР ҚК 311-бабы 4-бөлімі «а, б, в, г» тармақтарына сәйкес (бопсалау жолымен, топ болып алдын ала ымыраласып, ірі көлемде бірнеше рет пара алу) қозғалған іс сотқа берілді.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, А.Өтегенов қызмет бабын пайдалана отырып, БҚО сот әкімшісі үшін тауар-материалдық құндылықтар жеткізу және күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу жүргізу, сондай-ақ тұтқындалған мүлікті аукционда өткізу кезінде артықшылық жасау үшін бопсалау жолымен Орал қаласы кәсіпкерлерінен бірнеше рет пара алған. Ақыры ол пара алу сәтінде биылғы сәуірдің 26-сында ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті қызметкерлерінің қолына түскен болатын.