Кәсіпкерлерді АҚШ-та тәжірибеден өткізуді қарастыратын «Іскер байланыстар» жобасының екінші кезеңі басталды
Бұл туралы «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарланды.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, жобаға қатысушылар ашық әрі теңқұқылы байқау негізінде таңдап алынады. Байқауға негізінен «Іскерлік байланыстар» жобасының бірінші кезеңіне қатысушылар, сондай-ақ 2011 жылы «Назарбаев Университеті» АҚ-да ұйымдастырылған «шағын және орта кәсіпкерліктің топ-менеджментіне оқыту» бағдарламасы бойынша тәлім алған үміткерлер қатыса алады. Байқауға қатысушылар үшін қолжетімді бағыттарға - денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялар, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салалары жатқызылып отыр.
«Тәжірибеден өту мерзімі 3 аптаны қамтиды. Оның бірінші аптасында қатысушылар салалық тренингтерден өтетін болады. Ал қалған 2 аптада АҚШ компанияларымен жаңа әріптестік қатынастар жасауға мүмкіндіктер ұсынылып, жаңа технологиялар мен қондырғылар иеленуге жағдайлар қарастырылады», - делінген баспасөз айғағында.
Ескерте кететін жайт, екінші кезеңнен өткен қатысушылар үшін АҚШ-та тәжірибеден өту шаралары - тегін. Бұл ретте, Қазақстаннан АҚШ-қа барып қайтудағы жол шығындары республикалық бюджеттен өтелсе, АҚШ-та болуға қатысты шығындарды қабылдаушы тарап көтеретін болады.
Өтініштерді қабылдау 2012 жылғы 15 қаңтарға дейін жүзеге асады. Естеріңізге сала кетейік, «Іскерлік байланыстар» жобасы 2011 жылдан бері «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде Экономикалық даму және сауда министрлігі мен «Даму» Кәіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асуда.
Жобаның мақсаты іскер байланыстарды орнату жолымен қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру болып табылады. Бұл ретте халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауы арқасында қазақстандық компаниялар шетелдегі түрлі компаниялармен ынтамақтастық орнатуға мүмкіндік алады.