Кәсіпкерлердің құқығын қорғау - прокуратура органдарының қызметіндегі басым бағыттардың бірі

«Бизнес тірегі» жобасының аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыс атқаруда, деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бұдан былай, әрбір кәсіпкердің оған қатысты жүргізіліп жатқан тексеріске қатысты, атап айтқанда құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркелуі, жоспарлы тексерісті тағайындау негіздері және т.б. мәліметтерді жедел түрде алуға мүмкіндігі бар.
Ол үшін www.pravstat.kz сайтында орналасқан ақпараттық сервистегі «Информация о регистрации проверок предпринимателей» тарауында тексеру туралы актінің нөмірін енгізе отырып, оның нақты тіркелгендігін білуге, тексеруші орган мен лауазымды тұлға, тексеру мерзімі мен нысаны туралы ақпарат алуға болады.
Сонымен қатар, кәсіпкер тексерісті тағайындаған органның тексеру парағы және тексеру тәртібі, кәсіпкер мен тексеруші тараптың негізгі құқықтары мен міндеттері көрсетілген жадынамамен де осы жерде танысуына болады.
Дәл осындай ақпаратты 1012 қысқаша нөміріне актінің тіркеу нөмірін SMS-хабарламамен жіберу арқылы да алуға болады.
Сонымен бірге, осы саладағы заңбұзушылықтардың жедел түрде жолын кесу мақсатында, құрамына прокуратура қызметкерлерімен қатар, БАҚ мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіретін мобилді топ жұмыс істейді (Астана қаласы прокуратурасының сенім телефоны - 71-24-36).