Қасқасу шатқалында тау-шаңғысын дамытуға қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр - О. Рахманбердиев

АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Оңтүстіктегі Қасқасу шатқалында тау-шаңғысы курорты жобасының маңыздылығы ерекше. Солай бола тұра бұл мәселе кейінге ысырылып келеді. Бүгін Парламент Сенатында депутат Орынбай Рахманбердиев осы мәселені көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады.
None
None

Оның айтуынша, «Қасқасу» тау-шаңғы кешені жобасының жүзеге асыру аумағы Батыс Тянь-Шань тауының Өгем жотасын қамтиды және Шымкент қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал тау-шаңғы кешенінің шаңғы трассасы 1 880 - 3 155 метр биіктік зонасында салыну жоспарланған. Яғни, бұл үлкен көлемдегі қарлы аумақ болып табылады және мұнда жылына 8 ай шаңғы тебуге мүмкіндік бар.

«Бұл жоба 1990 жылы бастау алып, югославиялық «Энергоинвест» компаниясы Қасқасу шатқалында тау-шаңғы туризмін дамыту мүмкіндігіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде құрылыс жұмыстары да басталған болатын. Бірақ қаржының тапшылығына байланысты тоқтап қалған. 2007 жылы аталған жоба қайта қолға алынып, 2009 жылы «Сайрам-Өгем» мемлекеттік табиғи ұлттық саябағына қарасты аумақтан 56,8 га жер телімі бөлінген», - дей келе депутат жобаны одан әрі жүзеге асыруға қаржы мәселесі қолбайлау болып отырғанын алға тартады.

Оның сөзіне қарағанда, жобаға орай Канаданың «Ecosign Mountain Resort Planners» компаниясымен «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің» шеберлік-жоспары әзірленіп, «Colliers International» компаниясымен маркетингтік зерттеу және тау-шаңғы туризмі нарығын талдау жұмыстары жүргізіліп оң қорытындылары алынды. Яғни, нысанды салуға отандық және шет елдік инвесторлар тарапынан қызығушылықтар туындауда. Дегенмен, қажетті инфрақұрылым жүргізілмегендігіне байланысты тау-шаңғы кешенін салу тежеліп келеді. «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің» инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы жобасы 2011 жылы жасалынғандықтан ағымдағы жылы жоба іске асырылмаса есептік шығындар ескіріп, жобаның мерзімі аяқталады. Осыған байланысты, жобаны жүзеге асыру үшін белгілі мөлшерде қаражат бөлінсе игі», - дейді О. Рахманбердиев.

Соңғы жаңалықтар