12:51, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Kaspi bank ұзақ мерзімге «StarCinema» кинотеатрлар желісін қаржыландырмақ
АЛМАТЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Kaspi bank ұзақ мерзімге «StarCinema» кинотеатрлар желісін қаржыландырмақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан нарығы ТМД елдері аумағында ең перспективалы және тартымды саналады. Біздің міндет - мультиплекс сегментінде көшбасшы болу. Ұзақ мерзімдік қаржыландыруға қол жеткізу біздің ұзақ мерзімдік дамуымыздың негізі болмақ», дейді «StarCinema» кинотеатрлар желісінің Бас директоры Тагер Садеков. Оған банк тарапынан бөлінген қаражаттың көлемі 12 миллион доллар. Болашақта ол 30 миллионға дейін ұлғайтылмақшы. Қазіргі таңда «StarCinema» кинотеатрлар желісінде 16 залы бар мультиплекс үлгісіндегі 3 кинотеатр бар. Олар Алматы мен Талдықорғандағы «Мега Центр», «Сити плюс» сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан. Банк ұсынған жаңа қаражат арқылы «StarCinema» кинотеатрларының санын биылдың өзінде екі есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жалпы өткен жылы елімізде 7 миллионға жуық адам кинотеатрларға барған. Бұл 2005 жылғы көрсеткіштен 2 есе жоғары. «Невафильм research» агенттігінің деректеріне қарағанда, дамыған елдерде әр кинотеатрға 60 мың тұрғын барады. Бұл көрсеткішке жету үшін Қазақстан аумағында 200-ден астам кинотеатр жұмыс істеуі керек.