Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны қабылдау барлық өңір үшін алға үлкен қадам болмақ - К.Мәсімов
Премьер-Министр сыртқы саяси ведомстволардың басшыларына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшелеріне Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Pm.kz.
Кәрім Мәсімов соңғы жылдары елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимыл едәуір жанданғанын айтып өтіп, «Каспий бестігі» аясындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қанағаттанатынын білдірді.
Кездесуге қатысушылар көп жақты серіктестіктің және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің өзекті мәселелерін талқылады.
«Каспий теңізі - біздің елдердің дамуының маңызды мәселелерінің бірі. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын қабылдау үшін өзара тиімді шешімге келеміз деген үміттемін. Бұл барлық өңір үшін алға үлкен қадам болмақ», - деді К.Мәсімов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара достық түсіністікті одан әрі нығайтуға, барлық салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты, оның ішінде Каспий теңізін үйлестірілген пайдалану, Каспийдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша дамытуға дайындықтарын білдірді.
Естеріңізге салсақ, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түркіменстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасы бойынша позицияны келісу үшін Астанаға келді.
ФОТО: Мухтар Холдорбеков © 2016 «ҚазАқпарат»