Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Төтенше және Өкілетті елшісі Паата Каландадзені қабылдады

АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Паата Каландадзені қабылдады,
None
None

деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметінен.

Грузин дипломатын осы лауазымға тағайындалуымен құттықтаған Қ.Тоқаев Қазақстан мен Грузия қатынастары әріптестік, өзара тиімді ынтымақтастық қағидаларына орай дамып келе жатқанын және бұдан былай үнқатысуды ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.

- Парламентаралық байланыстарды дамытудың маңызы зор. Біз екі елдің жоғары заң шығару органдарында құрылған ынтымақтастық топтарының қызметін белсенділендіретін боламыз,-деді төраға.

Кездесу барысында тараптар халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда бірнеше күннен кейін Қазақстанның төрағалық етуіне көшетін ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл аударды.

- Біз әрқашан айнымайтын ынтымақтастық қағидаларын ұстанамыз,-деді Қ.Тоқаев. - Біздің еліміз ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемін ілгерілетуге тиісінше назар аударуға және өз жұмысын Ұйымға қатысушы барлық елдердің мүдделеріне сәйкес жүзеге асыруға ниеттеніп отыр.

Осыған байланысты ол алдағы жылы Алматы қаласында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жәрдемімен өтетін «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» трансазиялық парламенттік жиынына қатысуға Грузия парламентшілерін шақырды.

Өз кезегінде Паата Каландадзе алдағы жылы біздің еліміздің ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі табысты болатынына сенім білдірді. Ол алдағы жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі қазақстандық бастаманы Грузия қолдайтынын айтып, парламентаралық қарым-қатынастарды дамытудағы және нығайтудағы табысты қызметі үшін Қ.Тоқаевқа ризашылық білдірді.

Соңғы жаңалықтар