Катар елі Қазақстаннан ет импорттауға қызығушылық танытып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Катар тарапы Қазақстаннан ет импорттауға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Катар Мемлекетіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаев мәлім етті.
None
None

«Өкінішке қарай, екі елдің арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қатты ақсап тұр. 2015 жылы өзара тауар айналымы тек 400 мың долларды құрады. Дегенмен де оны дамытуға үлкен әлеует бар. Бұл тұрғыда катарлықтар Қазақстаннан ет, бал, көкөніс, кептірілген жемістерді импорттауға үлкен қызығушылық танытып отыр», - деді Елші.

Сонымен қатар ол тез бүлінетін өнімдерді экспорттау үшін тікелей әуе байланыстарын ретке келтіру қажет екенін атап өтті.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, екі ел арасындағы тауар айналымы 2015 жылы 463,5 мың АҚШ долларын құрады, оның ішінде 22,6 мыңы экспорт, ал 440,9 мыңы импорт. 2014 жылы бұл көрсеткіш 354 мың доллар деңгейінде болды.

Соңғы жаңалықтар