Қайрат Ахметов аралас жекпе-жектен 21-ші жеңісіне қол жеткізіп, Әлем чемпионы атанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы тауэрс» көпсалалы кешенінің аренасында аралас жекпе-жектен «Дала батырлары» халықаралық турнирінде 57 келі салмақ дәрежесінде «Alash Pride FC» нұсқасы бойынша Әлем чемпионы белбеуі үшін болған соңғы сайыс аяқталды.
None
None

Қазақстандық сайыскер, бұған дейін бірде-бір рет жеңіліп көрмеген Қайрат (лақап аты «Қазақ») Ахметов франциялық Салах (лақап аты «Алжирлік») Элкасты жеңді.

Сайыс бастала салысымен қарсыластар бір-бірін аңдуға көшті. Алайда, көп ұзамай соққы жасауға ұмтылған қарсыласын Қайрат жерге атып ұрды. Дегенмен, бір-біріне соққы жасауға мүмкіндік бермеген қос сайыскерді төреші тұрғызып жіберді. Екінші раундта да жеңімпаз анықталған жоқ. Сайыс негізінен партерде жалғасты. Ал үшінші раунд Қайраттың басымдығымен өтті. Ол шаршап қалған қарсыласын партерде торға тақап, дәл соққылар жасай білді. Осылайша, кезекті жеңісіне қол жеткізген Қайрат кезекті рет «Қара жорға» биін билеп, жанкүйерлердің көзайымына айналды. Ол «Alash Pride FC» нұсқасы бойынша Әлем чемпионы белбеуін жеңіп алды.

Сондай-ақ 65 келі салмақ дәрежесінде Ержан (лақап аты «Арлан») Естанов пен дағыстандық Расул (лақап аты «Қара жолбарыс») Мырзаев арасында көптен күткен қарымта кездесу өтті. Алғашқы кездесу бұдан 2 жыл бұрын өткізіліп, Расұл Мырзаев жеңіске жеткен болатын. Көптен күткен қарымта матч өткізілді.

Сайыс бастала салысымен қорғана шабуыл жасауға көшкен Ержан қарсыласының соққыларына ойдағыдай тойтарыс бере білді. Алайда дағыстандық сайыскер отандасымызды торға қарай тықсыра берді. Өкінішке қарай, екінші раундта Ержанның шаршағандығы айқын байқалды. Ал үнемі шабуылдаумен болған Расул Мырзаевтың ауыр соққылары дәлірек болды. Қазақстандық сайыскер үшінші раундтқа шығудан бас тартты. Осылайша жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген Расул Мырзаев кәсіби жекпе-жекте тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар