«ҚазАгро» холдингінің астық сатып алуға арналған қаржысы жеткіліксіз

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз барысында А. Мамытбеков бұдан бұрын Ұлттық қордан агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін «ҚазАгро» холдингіне 120 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті. Төрағаның айтуынша, аталған соманың 30 млрд. теңгесі инвестициялық жобаларға жұмсалса, 83 млрд. теңге көктемгі егіс науқанын және күзгі жиын-терімді қаржыландыруға бағытталыпты. Қалғаны 7 млрд. теңге екен. Бұдан бөлек, «ҚазАгро» холдингіне ағымдағы жылы 3 млн. тоннаға дейін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден астық сатып алу міндеті жүктелген болатын. Бірақ, холдинг басшысының айтуына қарағанда, қолда бар 7 млрд. теңге қаражат астық тоннасын 18 мың 500 теңгеден сатып алуға жеткіліксіз болатын көрінеді. Сондықтан да, «ҚазАгро» ең алдымен несиелік борыштары өтелмегендерден ғана астық сатып алуға мәжбүр болып отыр. «Негізінен біз астықты кредиттік борыштары бар кәсіпкерлерден ғана сатып алып жатырмыз. Биылғы астықты өткізгісі келетіндер санының артуына байланысты әкімдіктерге хат жолдап, онда арнайы жұмыс тобын құрдық. Осы жұмыс тобы кімнен астық сатып алуға болатынын, кім кредиттік борыштары бойынша қаражатқа аса мұқтаж екендігін ажырататын болады», деді А. Мамытбеков.
Өз кезегінде жиынға жетекшілік еткен партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин «ҚазАгроның» астық сатып алудағы келісімшартта төлем жасау мерзімі белгіленбегенін алға тартып, холдингтің төлемдер бойынша жауапкершілік тартпайтынын атап өтті. «Бұл да сыбайлас жемқорлық фактісінің орын алуына жол беретін әрекет. Сонымен бірге, Жамбыл облысында астық сатып алуға қатысты барлық квота тек бір ғана ірі компанияның еншісіне берілген. Сол үшін осы облыстағы шағын және орта кәсіпорындар қажетті қаражатқа қол жеткізе алмай отыр десе де болады», деді Н. Нығматулин.