«ҚазАгро» нан бағасын тұрақтандыру мақсатында арзандатылған астықтың жеткізілімін бастады

АСТАНА.  31 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» нан бағасын тұрақтандыру мақсатында арзандатылған астықтың жеткізілімін бастады.
None
None

Еске салайық 25-26 шілде күндері Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі, Ұн тартушылар одағы мен облыс әкімдіктері арасында нан бағасы мен 1-сұрыпты ұн бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы, сондай-ақ өңірлердегі мал басы санының кеміп кетуіне жол бермеу туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл туралы аталған холдингтің баспасөз қызметінен хабарланды.

Тоқтала кететін жайт, меморандумды жүзеге асыру аясында елдің Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары әкмдіктері тарапынан арзандатылған астықты сатып алуға қатысты өтініштер келіп түскен. Бұл ретте «ҚазАгро» холдингі өзінің еншілес кәсіпорны «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы оңтүстікқазақстандық ұн тартушылар үшін арзандатылған астықтың алғашқы партиясын, 8000 тонна бидайды тиеп жөнелтті.

Бұған дейін де хабарланғанындай, ағымдағы жылы Қазақстанның жекелеген өңірлерінде құрғақшылық айтарлықтай сезіліп, оның салдарынан астық дақылдарының түсімі төмен болатыны болжанған еді. Сонымен қатар, бидайдың 2012-2013 жылғы әлемдік түсім болжамы да АҚШ, ЕО, Австралия, Аргентина, Ресей, Украина секілді астық экспортында басымдыққа ие елдерде орын алған  табиғи құрғақшылық салдарына орай төмен болжанған. Соның салдарынан соңғы уақытта әлемдік нарықтағы бидай бағасы күрт артып кетіп еді. Ал Қазақстанның ішкі нарығындағы астық бағасы жыл басынан бері шамамен 15 мың теңгеге дейін көтеріліп, 35 мың теңгені құраған болатын.

Осылайша, ішкі нарықта бағаның құбылуын болдырмау мақсатында жоғарыдағы меморандум жасалды. Оған сәйкес, «ҚазАгро» холдингі Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы 1,3 млн. тонна арзандатылған астық бөлетін болады. Астық жергілікті атқарушы органдар анықтаған ұн өндіруші ұйымдарға бекітілген 28 мың теңге шекті бағамен сатылады.

Еске сала кетсек, нан бағасына қатысты осыған ұқсас жүзеге асқан тетік 2010 жылы да өз нәтижесін берген еді. Атап айтқанда сол тұста астық бағасы 25 мың теңгеден 45 мың теңгеге көтерілгеніне қарамастан, қабылданған шаралар нәтижесінде нан бағасы 40-45 теңге шамасында тұрақтады.

Бұдан бөлек, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы құс және мал шаруашылықтарын астықпен қамтамасыз ету мақсатында оларға да бекітілген бағамен астық сататын болады.

Соңғы жаңалықтар