«ҚазАгро»-ның еншілес компанияларына жобаларды қаржыландыру индикаторын енгізу ұсынылды - Қызылорда облысы

Бұл жөнінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов хабарлады.
Палата директоры Р.Досмаханов Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі бағыттардың бірі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін Ұлттық қор арқылы жасалып жатқан көмектің дер шағында беріліп отырғанын айта келіп, кеңес төрағасына шағын кәсіпорындар мен ауылдық жердегі кәсіпкерлер үшін қаржылық ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар маңызды ұсыныстарын жеткізді.
Атап айтқанда, Р.Досмаханов: ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді облыс әкімінің шешімімен құрылған «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталықтың стартап жобаларын қаржыландыру бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік беруді ұсынды. Сондай-ақ «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларына аудандық бөліністе басым бағыттар бойынша жобаларды қаржыландыру индикаторын енгізуді және аудан әкімдіктеріне мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландырылған жобалар саны индикаторын бекітуді ұсынды.
Бұл ретте ол өңірлік кәсіпкерлер палатасының барлық аудандарда орналасқан филиалдары мен ондағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының мемлекеттік бағдарламалар бойынша жобаларды қаржыландыруға дейін әдістемелік көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді.