Қазақ хандығына 550 жыл: БҚО-да Сырым ауданы күні мәнді шаралармен ерекшеленді (ФОТО)
Осыған орай ұйымдастырылған «Ұлы дала тарихы сыр шертеді» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, алаштанушы-ғалым Дәметкен Сүлейменова, өлкетанушы Жайсаң Ақбай өңірдің өткеніне байланысты өрелі ойларымен бөлісті. Аудан аумағында атақты көсем әрі шешен, батыр Сырым Датұлына, хандық кезеңнен кеңестік дәуір, одан тәуелсіздікке дейінгі ел тарихында ерекше орны бар басқа да тұлғаларға барынша құрмет көрсетіліп келеді. Аудан орталығы Жымпитыда Күнбатыс Алашордасы ту тіккені белгілі. Мұнда Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов және басқа Алаш қайраткерлерінің ізі қалған. Көп ұзамай Алаш қозғалысының 100 жылдығы аталып өтілетіні мәлім. Жиында айтылғанындай, көпшілікке әлі толық танылмай келе жатқан арыстардың да өмірі мен еңбегін зерттеп, есімдерін ел есінде қалдыру мақсатындағы шаралар алдағы уақытта жалғасатын болады.
Кеше аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков жұртшылықты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған аудан күнімен құттықтады. Аталмыш ауданның дамуына сүбелі үлесін қосқан ардагер ұстаз Ким Федянин, әнші-композитор Донеділ Қажымов, кәсіпкер Рауан Үсенов сынды бір топ азаматтарға «Сырым ауданының құрметті азаматы» атағы беріліп, құрмет көрсетілді. Бұдан кейін ұлттық спорт түрлеріне кезек берілді. Әуелі Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Сырым ауданының күніне арналған ат бәйгесі өткізілді. Жарыстың бас төрешісі, аудандық ат спорты федерациясының президенті Мүтәлі Төреғалиев бұл бәйгенің осы күні алпыс жасқа толып отырған Махмет Қажиахметовтің құрметіне орайластырылғанын жеткізді. Тай жарыста Көздіқара ауылынан Серік Мүтиевтің жирені озса, қазақы аттардың аламан бәйгесіне 28 сәйгүлік қосылды. Мұнда да С.Мүтиевтің қос бірдей арғымағы бірінші, екінші орынды ешкімге бермесе, үшінші жүлдені жосалылық Алтай Айшолақов еншіледі. Осымен биыл Сырым ауданында төртінші рет ұйымдастырылып отырған ат бәйгесіне көршілес Ақтөбе облысының атбегілері де келді. Таза қанды тұлпарлардың аламан бәйгесінде ақтөбелік Дәулет Ермағамбетовтің «Қарақат» атты арғымағы мәре сызығын бірінші болып кесті. Сонымен қатар қазақ күресі, қол күресі, қой көтеру сынды спорт түрлерінен жеңімпаз-жүлдегерлер анықталып, оларға да тарту-таралғылар тапсырылды. Аудан күніне арналған мерекелік шаралар кешкісін концерттік бағдарлама және отшашумен мәреге жетті.