Қазақ хандығына 550 жыл: Ежелгі ескерткіштер Зеленов ауданында да аз емес (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Зеленов ауданында «Қазақ хандығының тарихы - қазақ мемлекеттілігінің тарихы» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
None
None

Конференцияға қатысушылар алдымен «Ұлы дала тарихы» атты көрмені тамашалады. Аудан әкімі Кәрім Жақыпов қазақ тарихының тереңде жатқанын бүгінгі ұрпаққа, соның ішінде сан алуан ұлт өкілдеріне ұғындыра түсу үшін білікті ғалымдардың қатысуымен осындай шараларды өткізудің мән-маңызы зор екендігін атап көрсетті.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков «Қазақ хандығының 550 жылдығы жөніндегі негізгі деректер» атты баяндамасында қазақ хандығының қалыптасу, даму кезеңдерін ғалымдардың пікір-пайымдарын келтіре отырып, талдап берді.

БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов «Қазақстан тарихының түйінді мәселелері» деген баяндамасында ел тарихының сармат, сақ дәуірлерінен бастау алатынын, қазақ ұлтының негізін құрайтын тайпалардың өмір сүргендігін дәлелдейтін ежелгі ескерткіштердің Зеленовта да аз еместігін айта отырып, өңірдегі археологиялық орындарды зерттеуді жалғастыру жаңа пайымдауларға жол ашатынын тілге тиек етті.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр «Қазақ жұртының бір хандыққа ұйысып, ел болуындағы тілдің этно-мәдени рөлі» туралы баяндама жасап, қазақ тілінің ұлт тарихындағы орнына тоқталды.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Әз-Жәнібек хан тарихындағы ақтаңдақтар» хақында өз ой-толғамдарымен бөлісіп, Әз-Жәнібектің Алтын орда ханы Жәнібек екендігі жөнінде дәлелдерін келтірді. Сондай-ақ Жәнібек пен Керей хандардың Қазақстанның батыс өңірінен көшу мүмкіндігін жоққа шығармай, зерттей түсу керектігін айтты. Осы оқу орнынан тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова ел тарихында анықталмай жатқан, нақтылауды қажет ететін тұстардың аз еместігін жеткізді.

Шара соңында аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыров аудан көлемінде өткенімізді бүтіндеп, бүгінімізді кемел ету бағытында атқарылып жатқан істерден, соның ішінде көне қорымдар назарға алынып, құлпытастарды зерттеу басталғандығынан хабардар етті.

Соңғы жаңалықтар