ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ: Қазақстанның батыс өңірін және көршілес Ресей облыстарын қамтитын экспедиция жолға шықты (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Қазақстанның батыс аймағын және Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград облыстарын қамтитын кешенді тарихи-экологиялық экспедиция жолға шықты.
None
None

Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңымыздың 20 жылдығына арналған шараға қатысушылар алғашқы күні Теректі ауданы Шағатай ауылдық округі Қызылжар елді мекеніндегі Жантөре ханның зиратына тағзым етті. Бұдан кейін Ақжайық ауданы Базартөбе ауылындағы Аманжол Сәлімовтің жеке мұражайындағы көне жәдігерлермен танысты. Осы ауыл маңындағы Есім ханның бейіті де назардан тыс қалған жоқ. Аталған Кіші жүз хандарының құлпытастары кейінгі кезде табылған болатын. Атырау облысындағы Сарайшық қалашығының орнымен белгілі өлкетанушы Вячеслав Афанасьев таныстырды.

Экспедиция жетекшісі, өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың айтуынша, Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен Оралдағы «Ғылыми зерттеулерге ықпалдасу қоры» жеке қоры ұйымдастырған жоба мақсаты - ел тарихын зерттеу, тарихи тұлғаларға тағзым етіп, рухани-мәдени құндылықтарды қастерлеу. 10 тамызға дейін созылатын жорық барысында топ мүшелері сондай-ақ ортағасырлық Жайық, Ақтөбе-Лайэти, Сарай-Бату, Сарай-Берке қалашықтарының орнында, табиғи ескерткіштер болып саналатын Үлкен және Кіші Боғда, Ұлаған тауларында, Басқұншақ, Елтон көлдерінде, Жәңгір ханның жазғы мекенжайы Торғын мен Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасында болмақ. Бөкей мен Жәңгір ханның, күйші-композиторлар Құрманғазы, Сейтек, Дәулеткерей, Мәмен, Тұяқберді Шәмеловтің кесенелеріне соғып, қаһарман-қала Волгоградта Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров пен Тимофей Позолотин, Қарсыбай Спатаевтың рухтарына тағзым етпек. Волгоград облысы Елтон ауылындағы Смағұл Хантаевтың жеке мұражайында болып, Еділ мен Жайықты кесіп өтетін экспедиция мүшелері Астрахан, Атырау, Орал қалаларының тарихи жерлерін де араламақ.

Еділ мен Жайық аралығын зерттеуді мақсат тұтқан экспедиция Қазақстан мен Ресейдің ғылыми және мәдени байланыстарын орнықтыруға өз септігін тигізетін болады.

Соңғы жаңалықтар