Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған мотошеру Таразда аяқталады
Аталған мотошеру «Қазақстан географиялық қоғамының» президенті, әлемге танымал саяхатшы Д.И.Петрухиннің бастамасымен қолға алынған.
Мотошерудің мақсаты Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын еліміздің барлық аймақтарында жалпыұлттық деңгейде атап өтуді насихаттау болып табылады.
Мотошерушілер 29 тамызда Алматы қаласынан шыққан. Шеру шамамен 45 күнге созылып, Тараз қаласында аяқталады.
Жамбыл облысында мотошеруге қатысушыларды Жамбыл облысының Жуалы ауданы мен Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасында күтіп алады.
Мотошеруден басқа байкерлер қаланың орталық көшесінде өтетін «Біз - Ұлы дала ұрпақтарымыз!» жастар акциясына қатысады. Сондай-ақ «Еуразия барысы» ұлттық қазақ күресі бойынша халықаралық турнирді, түрлі спорттық сайыстарды тамашалайды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту биыл еліміздің бүкіл аймақтарында өтіп жатыр. 550 жыл бұрын Жамбыл облысындағы Талас және Шу өзендерінің арасында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының негізін қалаған жерде маңызды шаралар болып өтеді. Олардың арасында театрландырылған көрініс, «Мәңгілік Ел» атты республикалық ақындар айтысы, «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» кітабының тұсаукесері, «Тараз - ғасырлар куәсі» көрмесі, ҚР Президентінің жүлдесі ойнатылатын қазақша күрес бойынша «Еуразия барысы» халықаралық жарысы бар. Бұдан басқа, Таразда «Ежелгі Тараз» жобасы іске асырылуда, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» ескерткіші ашылады және қытайлық Сиань қаласынан Ұлы Жібек жолы бағдарымен келе жатқан керуен экспедициясының қатысушыларымен кездесу болып өтеді.