Қазақ көкпаршылары Өзбекстанда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды

«Өзбекстанның Сухандария облысына қарасты Термез ауданында өткен халықаралық турнирге 6 көкпар командасы қатысты. 23-24 наурыз күндері өткен дүбірлі додада ел құрамасы ерекше ойын көрсетті. Спортшыларымыз турнир жеңімпазы атанып, бас жүлдеге тігілген 200 млн сомды (8,6 млн теңге) қанжығаларына байлады», - деп жазылған комитеттің Facebook парақшасында.
Ақтық ойында Өзбекстан құрамасымен сынға түскен жерлестеріміз 6:0 есебімен алаң иелерін ойсырата ұтты.
Халықаралық сайысқа Өзбекстанның өзінен 4 команда қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Өзбекстан көкпардан әлем чемпионатын өткізуді жоспарлаған болатын.
Алайда пандемияға байланысты бұл чемпионат кейінге шегерілді.
Дегенмен, қазіргі таңда эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына қарамастан Өзбекстан тарапы бұл чемпионатты өткізу-өткізбеу туралы нақты шешімін айтқан жоқ.
Сондай-ақ, аталған комитеттен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы биыл қыркүйекте ересектер арасында көкпардан ІІ әлем чемпионатын өткізу жоспары туралы хабарланды.