Қазақ-қырғыз шекарасы ресми түрде ашылды
«Қордай» (Қазақстан) және «Ақ-жол» (Қырғызстан) кеден күзеттерінде тұрған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Үкіметінің басшысы Темір Сариев Қазақстан мен Қырғызстан Президенттерінен шекараны ашуды сұрады.
Н. Назарбаев пен А. Атамбаев телекөпір режімінде шекараның қазақ-қырғыз учаскесінде кедендік бақылау жойылғанын ресми түрде жариялады.
«Шекараның ашылуы - екі ел үшін де тарихи оқиға. Бұл бизнесті жандандырып, сауданы жаңғыртады. Қырғызстан халқына бақыт, табыс тілеймін», - деді Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде.
Бүгін Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы Шарт күшіне енді. Қырғызстан Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресеймен қатар ЕАЭО-ның бесінші мүшесі атанды. ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттер республиканың одаққа қосылуы туралы шартты ратификациялауды келісу үрдісін аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық Экономикалық Одақ 2015 жылдың 1 қантарында құрылды. Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер Қазақстан, Ресей, Беларусь 2011 жылдың 1 шілдесінде Кедендік одақтың, ал 2012 жылдың 1 қаңтарында Бірыңғай экономикалық кеңістік негізін қалаған еді. 2015 жылдан Одаққа Армения, кейін Қырғыз Республикасы қосылды.