Қазақ-Қытай шекарасындағы 30 мың гектардан астам суармалы жерді сумен кепілді түрде қамтамасыз ететін су торабы пайдалануға берілді

АЛМАТЫ. 6 шілде. ҚазАқпарат - «Достық» гидроторабы Қазақстан мен Қытай халықтары достастығының нышаны болып табылатын тұңғыш біріккен су нысаны.
None
None

Бұл туралы кеше Алматы облысының Панфилов ауданындағы Қорғас өзенінде Қазақстан мен Қытай арасындағы «Достық» ортақ бірлескен су торабының ашылу рәсімінде айтылды.

«Бүгін біз, көпжылдық ынтымақтастығымыздың нәтижесі болып табылатын Қорғас өзеніндегі «Достық» біріккен гидроторабын пайдалануға қабылдап отырмыз. Аталмыш гидротораптың пайдалануға берілуі нәтижесінде, Қазақстан мен Қытайдың шекаралық аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдарының Қорғас өзенінен су алу жағдайы жақсарып, екі мемлекеттің 30 мың га астам суармалы жерлері сумен кепілді түрде қамтылатын болады», - деді ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Оңдасын Жиенқұлов.

Оның айтуынша, гидроторап құрылысы басталғанға дейін Қорғас өзенінен су бөлу, қарапайым тәсілмен, яғни ауыл шаруашылығы техникаларының көмегімен жүзеге асырылып келген еді. Бұл өз кезегінде, екі елдің ауылшаруашылық еңбекшілеріне суару маусымының шырқау кезеңінде көптеген қиындықтар туғызып, суару барысында үзілістер орын алып, су-жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігі төмендеген. Қазақстан мен Қытай арасындағы алғашқы біріккен су нысаны болып табылатын «Достық» гидроторабы келешекте трансшекаралық су нысандарында біріккен жұмыстар жүргізу үшін өте үлкен мүмкіндіктер береді. Жалпы «Достық» гидроторабының құрылысы мен одан ары қарай бірлесе басқару екі ел арасындағы достықты нығайта түсіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану саласындағы қарым-қатынасымыздың дамуы мен нығаюына негіз болады.

Соңғы жаңалықтар