Қазақ неге көзілдірікті ұлтқа айналып барады - Өңірлік баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.
None
None

*   *   *

Тойдағы «тосттар» қазақ тілінің қадірін қашанғы түсіреді?- Атырау газеті

null 

 Қазақтың тойындағы тілек айту мәдениеті туралы мәселені Атырау газеті көтерген екен. Мақала авторы бірден қазіргі қазақ тойларындағы стандартты «тосттардың» бірқатарын келтіріп, соған назаланады. Қазақтың тілінің өзі қаншалықты бай болғанымен тілек айтып, тост көтеруге келгенде жаттандылықтан аса алмай жүргендерге «қарны ашатынын» жеткізіпті. «Қазақ тілі - тамыры терең, тарихы бай тіл. Тым болмаса осы байлығымызды неге ұқсата, көрсете алмаймыз? Қолданыстағы бір-екі сөзді қайталай беруден өзің де жалығасың емес пе? Тілек айта алмаса, үйренуге неге талпынбайды?» деп жазғырады автор жаттанды тост айтатындарға ашуын көрсетіп. Бір қарағанда тойдағы «тост» айтуды сөз етуден басқа жазатын мәселе құрып қалды ма, деген де ой келеді. Алайда, тілек айту - бұл да мәдениет. Соның ішінде автордың көтеріп отырғаны той сайын кездесетін шындықтың бірі. Тіпті сол тойда отырып бір тәуір тілек естімей кететін кездер де болып тұратыны да жасырын емес қой?! Осы тұрғыдан алсақ, тілек айту мәдениетіне де мән беретін кез жеткен секілді.

Ал мақала авторы тілек айтудың мұншалықты майдаланып, жаттандылыққа ойысып бара жатқанын жұртшылықтың кітапты, көркем әдебиетті оқымайтындығымен түсіндіреді. Компьютер мен ғаламтор заманындағы рухани азғындауды айыптайды.

«Көшеде кетіп бара жатқан кез келген адамнан, мектеп жасындағы қай баладан сұрасаңыз да әдеби кітаптарды соңғы рет қашан оқығанын, тіпті қашан көргенін білмейді. Себебі, рухани құндылықтан гөрі, материалдық құндылықты қажет ететін уақытта кітаптың емес, ақшаның буы аспандап тұр. Алайда, солай екен деп асыл қазынамызға атүсті қарауға бола ма? Өйткені, дәл осылай жалғаса берсе ұлт сөйлеу мәдениетінен, тілінен айырылады» деп түйіндейді автор. Иә. Осы тұста мәселе «тост» айтуда емес, сөйлеу мәдениетіне мән беру керектігінде болып тұрғанын аңғарамыз.

 

Тарбағатайда тасбақалар қайдан жүр - Дидар газеті

null 

Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті Тарбағатай тауының тұнып тұрған тарихына оқырманды қызықтырады. Мақалада жазылғанындай, тау баурайы мыңжылдық петроглифтерге ғұн, үйсін, сақ дәуіріне жататын көне ескерткіштерге толы екен. Дегенмен, тарихшылар және кәсіби археологтар тарапынан бұл жерлер әлі толық зерттелмеген екен. Сондай олқылықты толтырамын деп талпынушылар да жоқ емес көрінеді. Солардың бірі әуесқой этнограф Бекембай Аққалақов пен тарихшы Тұрдықұл Шаңбай көне жәдігерлерді суретке түсіріп, тарихын зерттеуді қолға алған. Қос қызығушы ерекше құпияға толы дүниеге ретінде жергілікті халық «Тасбақатау» атап кеткен үлкен тасқа назар аударған екен.

«Бұл адам қолымен жасалған дүние емес. Табиғат жаратылысы. Зер салып қарасаңыз бір тасбақаның төменге құлдилап, бір тасбақаның жоғарыға өрлеп бара жатқандығын көресіз. Мұнда тіпті бүркітке, шөккен түйеге, динозаврларға ұқсайтын жүзден астам тас мүсіндіреді кезіктіруге болады. Көне дәуірдің таңбалы тастары да жоқ емес» деген екен этнограф. Осылайша зерттеушілер Тарбағатайдың тылсымына терең бойлағысы келетінін аңғартқан. Бұл үшін олар Тарбағатайдың оңтүстік, солтүстік, теріскей, күнгей жағын түгел суретке түсіріп, ол жерді зерттеп, келешекте кітап қылып шығаруды мақсат етіпті. 

Шірік рабат шаһар ма, қорым ба? - Сыр бойы газеті

null 

«Сыр бойы» газеті елімізде жасалып жатқан Қазақстанның киелі жерлер картасы жобасының маңыздылығына мән беріпті. Айта кетерлігі, Қызылорда облыстық газеті Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірдегі киелі жерлерге мақала арнап келеді. Бұл жолы мақалалар топтамасы Шірік Рабат туралы аңыздар мен деректер тоғысқан материалмен беріліпті. Сақ дәуірінен қалған Шірік Рабат кешені Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай - 300, Қармақшы ауданындағы Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 100 шақырым жерде орналасқан екен. Бір қызығы бүгiнге дейiн ғалымдар Шірік-Рабатты сақтардың астанасы деп пайымдап келген. Одан бөлек массагеттердің апасиак тайпасының орталығы деген пікір де кезігеді. Алайда, соңғы кезде жаңа көзқарастар қалыптаса бастаған екен. «Соңғы археологиялық жұмыстардан кейін бұл жердің халық қоныстанған орын емес екенін анықтадық. Керісінше, қорым болған. Яғни, сақтардың діни-рухани, ғұрыптық орталығы десек болады. Қала емес деуіміздің себебі бұл араның барлығы жерлеу орындары. Онда биіктігі 10 метрге жететін үлкен обалар, ғибадатханалар бар» деген екен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев газет тілшісіне берген сұхбатында. Тарихшы ғалымдардың қазірге дейін қала деп келуінің себебі басқада екенін алға тартады. Оның сөзінше, бірнеше қайтара қамалмен қоршалғандықтан, зерттеушілер мұны ерте замандағы шаһар деп есептейді. Дегенмен, олай болмай шықты. Әдетте, қала қорғаныстарының осылай мықты етіп салынатыны белгілі. Сонда қорымға мұндай биік бекіністер не үшін қажет болған?

«Қазақ халқының ежелден аруақты қадірлеп, бабасына құрметпен қарағанын білеміз. Көшпелі жұрт аламанға түскенде «Аруақ» деп күш шақырып, дұға-тілегінде жеті атасына дейін тізіп түгендейді. Бейіт жанынан өткен қазақ ешқашан бет сипамай өтпейді. Осыған дейін үзілмей жеткен осы дәстүрдің қайнары қайда жатқаны енді аңғарылғандай. Әлгі биік бекіністердің салынуының бірінші себебі ен даланы жайлаған жұрт сонау есте жоқ ескі заманда-ақ өліге құрмет көрсетіп, қастерлеген. Баба рухын кие тұтқан» деп жазады «Сыр бойы» газеті.

Осылайша, Шірік Рабаттың көне қала емес ежелгі бабалардың киелі қорымы екенін кейінгі ғалымдар айналысқа енгізбекші. Бұл да шындыққа  жанасады. Расында ықылымнан әруаққа құрметпен қараған бабаларымыз тіпті жаулары келіп ата-баба әруағының мазасын алады, қорлайды деп уайымдағаны белгілі. Сол үшін қорымның айналасынан қамал тұрғызса оған таңғалуға да келмес. Ең қызығы осындай қорымдардың жанына орын тепкен ауылдар керісінше бекініссіз болған екен.  

  

Түу-у қияндағыны шалатын қазақ көзілдірікті ұлтқа айналып барады - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null 

 

Мақала авторының жазуынша, орта ғасырларда қазақ халқында жанары өткiр, қыран көздi адамдар көп болыпты. Ал бүгiнде  қыран көзіңіз былай тұрсын, 50 метрдегіні оқи алатын адамдар сиреп кеткен. Осыған байланысты "Оңтүстік қазақстан" газеті «көзілдірік таққан ұлт» мәселесін көтеріпті. Жазуынша, елiмiзде нашар көретiн адамдардың қатары жыл санап өсiп келе жатыр, әсiресе, көз ауруларының катаракта (көз бұршағын ақ басуы), егделiк макулодистрофиясы (егде адамдарда кездесетiн көздiң тор қабатының және ондағы қан тамырларының өзгеруiнен болатын кесел), глаукома (суқараңғылық) және миопия (алыстан көре алмаушылық) секiлдi түрлерi айтарлықтай көбейген. Бұған әртүрлі себепті келтіреді мамандар. Бірақ басты себеп - халықтың өмiр салтының өзгеруi. «Қазiр адамдар уақытының үлкен бөлiгiн ғимараттарда, көлiк тiзгiнiнде, компьютер мен теледидардың алдында өткiзедi. Қала бердi смартфондар да талай адамның көз майын тауысып барады» деп жазады газет.

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, елімізде мектеп бітіретін әр үшiншi түлек нашар көредi. Айта кетерлігі, бүгiнде Оңтүстiк Корея, Қытай, Жапония, Вьетнам секiлдi елдерде студенттердiң 75 пайызы көзiлдiрiк тағады екен. Ал осы бағытта кете берсе ендi 10-15 жылда бiз де сол деңгейге Қазақстан да жетiп қалуы әбден мүмкiн.

«Бұрындары балалар далада, таза ауада көп ойнаушы едi. Ауылдың балалары түнде аспанға қарап жатып, жұлдыз санайтын. Асық ойнап, мал iздеп, қысқасы, көкжиектi шолып, алысқа қарап өсетiн. Осының барлығы балалардың көру қабiлетiнiң дұрыс жетiлуiне мүмкiндiк беретiн. Ал, қазiр жеткiншектер күнi бойы үйден шықпайды. Қазiр ғалымдар миопияны ағзадағы дәнекер тiнiнiң әлсiреуiнен болатынын дәлелдеп отыр. Бұл тұрғыда миопия кеселi әлжуаз, шынықпаған балаларда көбiрек кездесе» деген екен мамандар.

Тағы бір мәлімет. адам ақпараттардың 90 пайызын көру арқылы қабылдайды. Қалған 10 пайызы ғана басқа сезiм мүшелерi арқылы алынады. Соңғы бiр ғасырда, ғалымдардың пайымдауынша, адамның көз мүшесiне түсетiн ауыртпалық 2 есеге артқан. Осының бәрiн ескерсек, миопияға шалдыққан балалардың сабақты жақсы оқуы екiталай.

 

Жеңгетайлықпен айналысқан депутат ұсталды - «Қостанай таңы» газеті

«Қостанай таңы» газетінің жазуынша, Рудный қаласында жеңгетайлықпен айналысып жүрген 25 жастағы Юлия Каралашқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. «Юлияны қала жұртшылығы жақсы таниды. Өйткені ол «Нұр Отан» партиясының атынан сайланған қалалық мәслихаттың депутаты, белсенді жастардың қатысуымен өтетін барлық мәдени-спорттық іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Осы уақытқа дейін «ССКӨБ» АҚ Техникалық даму және технологиялар департаментінде қызмет атқарып келген.    Күдіктіні облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған», деп жазады газет. 

Мәліметтерге қарағанда, депутат 9 қыркүйек күні 29 жастағы Рудный қаласының тұрғынына 24 жастағы қызды 60 мың теңгеге ұсынған. Осы факті бойынша ҚР ҚК 309-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалыпты. 24 жастағы қыздың жезөкшелікпен айналысуына «жағдай жасаған» депутат әйелдің қылмысы дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен.

«Жағаны ұстатқан жаңалыққа қатысты әкімдіктегілер «ләм-лим» деген жоқ. Әйткенмен, сессияның кезектен тыс отырысында оны депутат мандатынан айырып, бас партияның мүшелігінен шығаратыны анық» деп жазады облыстық газет. 

 

Таз ауруы өршіп барады - «Не хабар?!» газеті

null   

Маңғыстауда шығатын «Не хабар?!» газеті Атырауда таз ауруына шалдыққандар саны күрт көбейіп отырғанын жазады. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жұқпалы дерттің  ит пен мысықтан және құстардан таралған. Газет дерегіне қарағанда, қазір дертке тап болған 270 бала ем алып жүр екен. Алаңдататыны - бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.

«Атырау облыстық тері венерологиялық диспансеріне 10 күннің ішінде шамамен 30-40 бала осы ауру түрімен дәрігерге қаралуға келген.  Баласын жетектеген ата-аналар да аурудың күшейіп кеткенін айтады. Үйдегі мысықпен ойнаған балаларының денесінде қызыл дақ шығып кетіп, дене қызуының көтерілгенінен қорыққан олар дәрігерге келуге мәжбүр болған. Осы таз ауруымен өткен жылдың жеті айында 250 бала тіркелсе, биылғы аталған кезеңде олардың саны 270-ке жеткен» деп жазады газет. Дабыл қаққан дәрігерлер уақытында тексерілмеген балалардың ауруы асқынып кетсе, шаштың түбімен қатар, тері мен тырнақ тіндеріне зақым келетінін айтады. Нәтижесінде шашпен бірге зақымданған тырнақ сарғайып түсіп қалады. Бұл ауруға иммунитеті төмен балалар тез шалдығатын көрінеді. Оған қоса 24 сағат бойы жабық аяқ киіммен жүретін ересектерде шалдығады. Сондықтан дәрігерлер жұқпалы ауруды асқындармай, дер кезінде емдеуге кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар