Қазақ телевизиясының жаңа дәуірі басталды

рат /Арман Асқаров/ - «Қазақстан» теле-радио корпорациясы көрермен қауымды тағы бір жаңалықпен қуантты. Бүгіннен бастап республикамыздың түкпір-түкпіріне «Мәдениет» телеарнасы тарай бастады.
None
None

Бұл - Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қазақ телевизиясының дамуына қосылған тағы бір сүбелі үлес.

«Қазақстан» республикалық теле-радио корпорациясының ұйытқы болуымен ашылып отырған «Мәдениет» телеарнасы 80 пайыз қазақ тілінде және 20 пайыз өзге тілдерде хабар тарататын болады. «Мәдениет» арнасын ашудағы негізгі мақсат - көрермен қауымды отандық және әлемдік мәдениеттің нәрімен сусындату. Ол үшін жаңа телеарнада қазақ киносының ең үздік көркем туындылары, деректі фильмдер, әлемдік кинематографияның бірегей туындылары, атақты тұлғалардың өмірбаянына арналған бағдарламалар, опера, балет және театр бағдарламалары көрсетілмек. «Қазақстан» РТРК-сының негізінде спутниктік, кабельдік және Интернет байланысы арқылы республиканың түкпір-түкпіріне тарайтын жаңа арна арқылы «Ақсарай», «Сол жылдар», «Өркениет», «Қылқалам», «Ғасырлар пернесі», «Алтын көмбе», «Кітапхана», «Әлі есімде», «Жүздесу», «Көкжиек» музыкалық-танымдық бағдарламалары, сондай-ақ «Абай» және «Қазақ даласының құпиялары» деректі фильмдері сияқты тың жобалар көрермен қауымға жол тартпақ.«Мәдениет» телеарнасының директоры Сағатбек Қалиевтің айтуынша, әзірше кабельдік желі арқылы тарайтын «Мәдениет» арнасы күнде 16 сағат бойы шығып тұрады. Осы уақытқа дейін аталған арнаның негізінде 18 бағдарлама әзірленді. «Негізі, арнаны ашудың алдында біз көп ойландық. Себебі, «Эфирді толтыра аламыз ба?» деген сауал болды. Бірақ қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының мәдениеті терең екендігін ескеріп, эфирді толтыру жұмысында қиындық болмайтынын түсіндік. Жалпы, 20-ғасыр - бұл мәдени толысу дәуірі. Осы тұрғыда елімізде «Мәдениет» арнасының ашылу аса орынды. Жаңа арнада қазақтың ұлттық өнерімен қатар Қазақстан жерінде тұрып жатқан өзге ұлттардың мәдениеті де көрсетіледі», - дейді С.Қалиев.

Биыл 1 жылға толып отырған «Балапан» телеарнасы да өзінің кішкентай көрерменін жаңа жобалармен қуантуды жоспарлап отыр. Олардың ішінде «Санамақ», «Жүзден жүйрік», «Тентегім», «Бауырсақ», «Құлыншақ» және «Hello, Балапан» сынды оқу-танымдық, әзіл-сықақ бағдарламалары, сондай-ақ «Балдырған» мультсериалы бар.

Ал биылдан бастап мемлекеттік тілге толығымен көшкен «Қазақстан» телеарнасы ұлттық тілді дамыту ісіне жаңа серпін беруді көздеп отыр. Биыл телеарнаның көрермендері «Саз толғау» музыкалық-танымдық ток-шоуын, «Дауа» медициналық бағдарламасын, «Алаң» пікірталас клубын, «Иман айнасы» хабарын, «Өзекжарды» жобасын, «Даму» индустриалдық ток-шоуын, «Болашақ» телехикаясын, «Тәуелсіздік шежіресі» және «Отандастар» деректі фильмдер топтамасын көре алады.

Жалпы, биыл «Қазақстан» РТРК-сы біраз жағымды жаңалықтардың жаршысы атанды. Оның бірі - «Қазақстан» телеарнасының толығымен мемлекеттік тілге көшуі болса, екіншісі - «Мәдениет» арнасының ашылуы. Оған қоса, тәй-тәй басқан «Балапан» телеарнасы өзінің алғашқы туған күнін атап өтуде. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қолға алынып отырған бұл бастамалар «Қазақ телевизиясының жаңа дәуірі» ретінде бағаланып отыр.

Соңғы жаңалықтар