«Қазақфильмде» Тұмар патшайымды таңдау қалай жүріп жатыр
Режиссерлар 200 қыздың арасынан іріктеп алынған 20 бойжеткеннің сөз саптауы мен актерлік шеберлігін, сондай-ақ түр-келбеті мен қимыл-қозғалысын бағалауда.
Астаналық Альмира Тұрсынбаева (Тұмар рөліне үміткер) ат үстіндегі сақ ханшайымының өмірі мен батырлығын, оның жаумен қылыштасу қабілетін жеткізуге тырысты.
Айта кету керек, 20 қызды іріктеп алуға барлығы үш күн уақыт белгіленген. Бұған дейін актрисалар Аружан, Жазылбекова, Әсел Сағатова, Бибігүл Сүйіншалина, Қарлығаш Мұхамеджанова мен Кәмшат Жолдыбаевалар өздерін сынап көрген болатын.
Финалдық іріктеуден өткен актерлар «Nomad stunts» каскадерлік дайындық орталығында атта шабу, қылыштасу, күресу сияқты спорт түрлерінен дайындалатын болады.

«Томирис» (өндірістік атауы - авт.) фильмінің костюмдер жөніндегі суретшісі Әсел Шалабаеваның айтуынша, б.з.д. VI ғасырдан хабар беретін бір мыңға жуық киім тігіледі, оның ішінде 200 костюм басты рөлдегі актерларға арналған. Бір ғана Тұмардың өзінде 25 киім болмақ.
«Тұмар патшайым туралы аңыз да, әдеби шығармалар да көп. Біз оның ішінде барлық әлем жұртшылығына белгілі Геродот шығармаларын негізге алдық. Біздің ата-бабамыз 2600 жыл бұрын қалай өмір сүрді? Қалай жерін сақтап қалды? Сақтар ол кезде әлемде шешуші рөл ойнаған», - деді тарихшы, аталмыш фильмнің кеңесшісі Алмас Баймаханұлы.
Бас режиссер Ақан Сатаевтың айтуынша, Тұмар патшайымның рөліне кім тағайындалатыны қараша айында белгілі болмақ.
Фильмге қанша қаржы жұмсалатыны да желтоқсанда анықталады.
Фильм сақ тайпалары патшайым Тұмардың қолбасшылғымен ұлы даланы басып алғысы келген парсы патшасы ІІ Кирге жойқын тойтарыс бергені туралы баяндайды. Кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген арудың тағдыры айтылады. Тарихи кинотуындының тұсаукесері 2018 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Картинаның бас продюссері Әлия Назарбаева, қоюшы режиссер Ақан Сатаев, сценарий авторлары Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов, Кастинг-директор Жайна Әбдиева, продюсерлер Анна Чакиртова мен Әлия Меңдығожина.