Қазақмыс тобы «Қоңырат» кен орнындағы жұмыстарды қайта бастады

Кен орны шамамен 9 жыл бойы пайдаланылатын болады деп топшылануда. Кенді қойнау массасының көлемі 99 млн. тоннадан аспақ, оның ішінде өндірілетін кен 57 млн. тоннаны құрайды. Компания Балқаш кен-байыту фабрикасында өңдеу үшін 2012 жылы компания 3,5 млн.тонна кен өндіріп шығаруды жоспарлап отыр.
Карьердің шығыс жақтауынан кен массасын өндіру ашық түрде жүргізілетiн болады. Қазірде кен орнында жер бедерін аршу жұмыстары қолға алынды. Кенді өндіріп шығару жұмыстары жаз уақытында басталып, 2012 жылдың шілде айында жобалық қуаттылығына толық жеткізіледі. «Қоңырат» кеніші 300-ге тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.
Кен орнында жұмыстар жүргізу үшін компания тау-кен техникасы мен қосалқы жабдықтарды сатып алуға 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөліп отыр. Кеніштегі автопарк тау-кен техникаларының 17 бірлігімен, соның ішінде экскаваторлармен, жүк көтергіштігі 130 тонналық «БелАЗ» автокөліктерімен, бульдозерлермен және автогрейдерлермен жарақталатын болады. Қосалқы жүргізілетін жұмыстар үшін отын құйғыштар, вахталық тасымалдаушы автобустар, жүк көтергіштігі шағын автосамосвалдар, топырақ шашыратқыштар сатылып алынды.