19:14, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақмыстың кореялық серіктесі Екібастұздағы ГРЭС-1 мен Майкөбе көмір кенішінде болды
АЛМАТЫ. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақмыстың Оңтүстік Кореялық стратегиялық серіктесі «Samsung C&T Corporation» компаниясының атқарушы вице-президенті Сон Дже Вон мен сату жөніндегі бас менеджері Сок Хван Ким Екібастұздағы ГРЭС-1 мен Майкөбе көмір кенішінде болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодар облысындағы кәсіпорындарды аралаудағы олардың басты мақсаты - Екібастұз ГРЭС-1 стансысының қызметімен танысу және Қазақстандағы электр стансыларын басқару жөніндегі Қазақмыстың тәжірибесін зерделеу. «Samsung C&T Corporation» компаниясы бұл зерттеулерін Балқаштағы жылу электр стансысын (ЖЭС) салудың алдын ала жобасын әзірлеу үшін қолдануды жоспарлап отыр. «Мамырдың 14-інде біздің компаниялар Балқаш ЖЭС салу жөніндегі жобаны бірлесіп жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Осы сапарымыз кеніштерде өндірілетін көмірлердің техникалық сипаттамаларын зерделеп, Балқаш жобасында мақсатты қолдану үшін мүмкіншіліктерді қарастыруға мүмкіндік береді», - дейді «Samsung C&T Corporation» компаниясының атқарушы вице-президенті Сон Дже Вон. Ал Қазақмыс Пауэр департаментінің басшысы Николай Коробовский: «Электр стансысы жұмысындағы тәжірибе Балқаш ЖЭС-ін жобалауда пайдаға асатынына сенімдіміз. Қазақмыс тобы осы жобаның сәтті аяқталуына мүдделі және де Қазақстанның энергетикалық өнеркәсібін жақсартуға өзіміздің бар күш-жігерімізді саламыз», - дейді.