ҚазАқпарат-Анонс: ақпанның 26-28-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Ақпанның 26-сында Мәскеу қаласында Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықтың Интеграциялық комитетінің 48-ші және Кедендік одақ Комиссиясының 14-ші басқосуларының өтуі жоспарланған. Аталған шараларға қатысатын қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары, ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитеті мен Кедендік одақ Комиссиясының мүшесі Өмірзақ Шөкеев бастап барады.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Ақпанның 26-сы мен наурыздың 1-і аралығында Швейцарияның Женева қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы комитетінде Қазақстан Республикасының жұпталған төртінші және бесінші ұлттық баяндамалары тыңдалады. Аталған шарада Қазақстан делегациясының баяндамасы және Комитет мүшелерінің сауалдар қою мен ұсыныстар енгізуі күтілуде.

СПОРТ

Ақпанның 12-28-і аралығында Ванкуверде ХХІ Қысқы Олимпиадалық ойындар өтуде. Олимпиада ойындарына Австралия, Австрия, Багам аралдары, Беларус, Бельгия, Болгария, Бразилия, Ұлыбритания, Венгрия, Гана, Германия, Гонконг, Грузия, Дания, Израиль, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Қазақстан, Кайман аралдары, Канада, Қытай, Солтүстік Корея, Латвия, Ливан, Литва, Лихтенштейн, Молдова, Монако, Моңғолия, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Польша, Ресей, Румыния, Сенегал, Словакия, Словения, АҚШ, Түркия, Украина, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Эстония, Оңтүстік Корея, Ямайка, Жапония елдері қатысуда.

ҚОҒАМ

ҚР Әділет министрлігі 2010 жылғы ақпанның 24-інен 27-сі аралығында адвокаттық қызметпен айналысу құқығына арналған аттестация өткізудің басталғанын жариялайды.

АСТАНА

Ақпанның 26-сында Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде Астана қаласы Жастар мәслихатының депутаттар сайлауы болады.

Ақпанның 26-сында «Алматы» аудандық әкімдігінде елордалық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің алқа мәжілісі болады.

Ақпанның 26-сында «Нұр Отан» партиясы Астана филиалының кеңсесінде «Астана қаласында Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.

Ақпанның 26-сында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Орталық Азиядағы ХХ ғасырдағы ынтымақтастық қауіпсіздігі: мақсаттар, басымдықтар, ығыттар» деген тақырыпта семинар өтеді.

Ақпанның 26-сында Конгресс- холда «Шаттық-2010» IV қалалық конкурсының гала-концерті болады.

АЛМАТЫ

Ақпанның 26-сында «Бұрындай» әуежайында ҚР Мемлекеттік авиациясының ұшу сапарларының қауіпсіздігіне арналған конференциясы болады.

Ақпанның 26-сында Қазақтың Т.Жүргенов атындағы өнер институтында «Нұрғиса Тілендиев және қазіргі қазақ өнері» деген тақырыпта ғылыми конференция болады.

Ақпанның 26-сында Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед Жолдау жүктеген міндеттерді насихаттау аясында Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде Алматы қаласының тұрғындарымен кездеседі

Ақпанның 26-сында Қазақ-Британ техникалық университетінде Мәдениет министр М.Құл-Мұхаммед Жолдау жүктеген міндеттерді насихаттау аясында кездесу өткізеді.

АЙМАҚ

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Ақпанның 12-сі мен наурыздың 12-сі аралығында Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиялымен бірлесе отырып, партия филиалының ғимаратында азаматтардың қоғамдық қабылдауын өткізеді.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН

Батыс Қазақстан облысында ақпанның 23-і мен наурыздың 23-і аралығында туберкулезбен күрес айлығы өткізілмек.



АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. МЕРЕЙТОЙЛАР.

АҚПАННЫҢ 26-СЫ, ЖҰМА

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийге арналған ескерткіш тақталарын ашты.

Барельефті Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Азат Боярлин жасады. Барельефті Астанада «Өнер» ЖШС -де жасалды. Биіктігі 1,5 метр, ал ені 2,5 метр. Барельефтің мүсіндік бөлігі салмағы 500 кг қоладан жасалды, ал мәтіндік бөлігі салмағы 400 кг граниттен жасалған.

5 жыл бұрын (2005) Ақмола облысының www.akmo.kz веб-сайты ашылды. Онда оқырман аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, жоспарлары мен мақсаттары, мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар туралы ақпарат ала алады. Сайт ашылуна облыстық акимат көмек көрсетті. Сайттың басты мақсаттарының бірі Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттау.

3 жыл бұрын (2007) Көкшетауда Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап кітапханасында ақпараттық-библиографиялық бөлімнің ұйымдастыруымен «Алтын Арқа-мәдени мұра» атты алғашқы CD-ROM-дискісінің тұсаукесері болды. «Мәдени мұра» республикалық бағдарламасы аясында жарық көрген дискі 4 бөлімнен тұрады. Онда өңірдің суырып салма айтыс ақындары, ақын-жазушылар, орындаушылар, жас таланттар, композиторлар, көркемөнерпаздар ұжымдары жайында мол мағлұмат беретін 115 анықтамалық шығармашылық деректер қамтылған.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда режиссер Константин Харалампидистің «Алатаудың киелі биігі» деген деректі фильмін таныстыруға арналған баспасөз мәслихаты өтті. «Алатаудың киелі биігі» фильмі қиын-қыстау замандарда отандарынан ықтиярсыз Қазақстанға айдалған адамдар үшін қазақ халқының бауырмалдылығы, олардың жәрдемдері үлкен қуат берді. Фильмнің идеясы да өзге діндегі, өзге ұлттағы адамдар арасындағы бейбітшілік пен келісімді паш етуді көздейді.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ тұңғыш рет он-лайн жүйесінде астықтың биржалық саудасын өткізді. Шара халықаралық астық конференциясының аясында өтті.

ЕСІМДЕР

30 жыл бұрын (1980) ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем рекордшысы ХРОМОВА Татьяна дүниеге келді.

Өзбекстанда туған.

Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.

Ауыр атлетикамен 1996 жылдан бері айналысып келеді. Жаттықтырушысы - Ю.Мельников.

2001 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысып, 5-ші орынға ие болды. 2000-2002 жылдар аралығында Жапониядағы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Катар елінде өткен Әлем кубогының иегері атанып, Сиднейде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. 2003 жылы Мәскеудегі ауыр атлетикадан өткен арнайы турнирдің жеңімпазы атанған.

2004 жылы - Азия чемпионы (Алматы), 77 кг салмақта 120 кг-ды жұлқи көтеруден әлем рекордын жаңартқан, Афинада өткен Олимпиада ойындарына қатысып, 6-орынға ие болған.

АҚПАННЫҢ 27-І, СЕНБІ

Доминикан Республикасының Тәуелсіздік күні. 1844 жылы доминикандықтар гаитяндықтардан өздерінің тәуелсіздіктерін жариялады. Олардың қол астында доминикандықтар 22 жыл өмір сүрді. Доминикан Республикасының табиғаты аса көркем, Латын Америкасының қайталанбас мәдениеті, ежелгі тарихы және ғажайып сымбат өнерлері бар. Астанасы - Санта-Доминго. Ресми тілі - испан, католицизм дінін ұстанады. Мемлекет Гаити аралының шығыс бөлігінде орналасқан.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2007) Алматыда Литваның Құрметті консулдығы ашылды. Екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынасы 18 жыл бойы жалғасып келеді.

3 жыл бұрын (2007) Оралдық белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайыр Бектұрғановтың «Ат жалы» атты повестер жинағы жарық көрді. Орал қаласындағы «Дастан» баспасынан басылып шыққан бұл кітап жазушы шығармаларының үшінші томы болып табылады. Мұндағы алты повестің бәрі де орта жастағы балалар мен жасөспірімдерге арналған.

3 жыл бұрын (2007) Солтүстік Қазақстан облысы Ішікі істер департаментінің интернетте жеке сайты ашылды. Сайттың 12 бөлімінде ІІД құрылымы туралы ақпарат, департамент басшылығының азаматтарды қабылдау кестесі орналастырылған. Басқармалардың парақтарында жол апаты кезінде өзіңді қалай ұстау қажеттігін, қаруға рұқсатты қалай рәсімдеуге болатынын білуге, Қазақстан Республикасы ІІМ оқу орындарына түсу ережелерімен танысуға болады. «Кері байланыс» бөлімінде солтүстікқазақстандықтар өздерін толғандыратын сұрақтарын қоя алады, олардың жауаптары кейіннен сайтта орналастырылады. Веб-сайтта «Назар аударыңыздар! Іздеу», ішкі істер департаментінің телефон анықтамалығы, сенім телефондары бар.

1 жыл бұрын (2009) М.Әуезов атындағы мұражай үйде 2006-2008 жж. шығарылған өнертану бойынша 27 кітабының тұсау кесер рәсімі болып өтті. Бұл еңбектер - «Мәдени мұра» бағдарламасына ғылыми-зерттеу жобасына кірген және мемлекеттік және халықаралық мәжілістердің мәліметтері. Институт ғалымдары дайындаған еңбектердің ішінде - 5 томдық «Қазақ музыкасы», 3 томдық қазақ тіліндегі «Қазақ өнерінің тарихы» бар.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда үйлерді жалға беру жобасы таныстырылды. Бұндағы мақсат Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғын үй нарығын тұрақтандыру. Қор бірінші бағыт бойынша екінші деңгейлі банктердің қатысуымен Алматы мен Астанадағы тұрғын үйлердің құрылысының аяқталуын қамтамасыз етіп, тұрғындарға сатып алу мақсатымен жалға береді.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940) ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі МАМАТКУЛОВ Савутжан дүниеге келді.

Алматы облысында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

«Коммунизм туғи» («Ұйғыр авази») газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, «Арзу» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр жазушылары бірлестігінің төрағасы, «Жазушы» баспасы редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

«Жастық жыр», «Ағады Өсек өзені», «Өзімді іздеймін», «Ізгілік», «Мейір» жырларының, «Мен және Некрасовтың жеті мужигі» поэмасының авторы. Абай, А.Пушкин, Н.Некрасов, Ш.Айтматов, Р.Гамзатов, О.Сүлейменов, М.Жәлел, С.Иманасов, Е.Раушановтардың шығармаларын және Шекспирдің «Король Лир» драмасын ұйғыр тіліне тәржімалаған.

І.Жансүгіров атындағы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының иегері.

АҚПАННЫҢ 28-І

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) К.Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жазушы Ілияс Есенберлиннің 90 жылдық мерейтойына арналған «Алмас қылыш» атты еске алу кеші өтті.

Жазушы І.Есенберлин (1915-1983) кеңестік дәуірдің цензуралық қыспағын, идеологиялық кедергілерін көп көрсе де, ұлт намысы үшін қазақ әдебиетіне тарихи тақырыптарда жазылған танымды шығармаларымен мол үлес қосты.

3 жыл бұрын (2007) Иерусалимде (Израиль мемлекеті) Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі жөнінде екі жақты келіссөздер өтті. Хаттамаға Израиль мемлекеті Премьер-министрінің орынбасары, Индустрия, сауда және еңбек министрі Элияху Ишай қол қойды. Қазақстан жағынан құжатқа Индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздердегі арнайы өкіл Жанар Айтжанова қол қойды. Кездесуге израиль ксеннетінің вице-спикері «Израиль-Қазақстан» парламентаралық достық лигасының төрағасы Амнон Коэн және Израильдегі Қазақстан елшісі Вадим Зверьков қатысты. Екі жақты келіссөз барысында қазақстандық нарыққа жоғары технологиялық машиналар мен жабдықтардың, химия және тамақ өнеркәсібі өнімдерінің енуі, сондай-ақ Қазақстанда компьютерлік қызмет көрсететін шетел компанияларына қатысты инвестициялық саясат мәселелері талқыланды.

3 жыл бұрын (2007) Астанада Сапар Исаковқа балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану халықаралық Академиясының ғылыми академик атағын беру салтанатты рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының туризм және өлкетанудың дамуы өзінің қосқан үлесі үшін Сапар Исаковқа құрметті атақ берілді.

Сапар Исаков танымал саяхаттанушы, көне өркениет жерлерінде, және әлемнің 80 елінде болған. Пасхи және Жана Гвинея аралында болды. Көптеген халықаралық және үкімет сыйлықтарының иегері.

1 жыл бұрын (2009) Павлодарда «ЭКО» баспасынан «Баянауыл - аңыздар елі» деп аталатын жаңа кітап жарық көрді. Көркем безендірілген кітап беттерінен оқырман Қазақстанның табиғаты ғажайып өлкесі туралы көптеген қызықты мағлұмат алады. Мұнда өлкедегі ежелгі таулар мен көлдер туралы аңыздар жинақталған, ұлттық саябақтың жануарлар дүниесі мен өсімдіктері туралы материалдар берілген, ауданның даму кезеңдері баяндалған. Кітап беттерінде Баянауыл жерінде дүниеге келген қазақтың атақты ғалымдарының, ақындарының, көрнекті қайраткерлерінің өмірбаяндары жарияланған. Көпшілікке арналған кітап бұдан жүз жыл бұрын түсірген Дмитрий Багаевтың тарихи фотосуреттерімен, Александр Пархоменконың Баянауыл табиғатын кескіндеген суреттерімен айшықталған.

ЕСІМДЕР

60 жыл бұрын (1950) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының академигі ІЗТАЕВ Әуелбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында туған.

Одесса тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының оқытушысы, Қазақ аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектерінің бағыты элеваторда астықты қабылдау мен өңдеу технологиясын, астық сақтау қоймаларының техникалық жабдықталуын ғылыми негіздеу. Аграрлы ғылым саласында астық технологиясының жаңа теориясын қалыптастырды, бидайдың жаңа тұқымдарының технология белгісі бар соттарын шығаруда кешенді математикалық үлгілер арқылы ғылыми негіздеме жасады. Ол 15-тен аса ғылыми жұмыстарды орындап, олардың нәтижелерін элеватор, ұн-жарма және құрама жем өнеркәсібінде қолданды. Ғалымның Қазақстандағы элеватор өндірісін дамытудағы ғылыми табыстары Орта Азия мемлекеттік жобалау институты мен әрбір аумақтағы астық өнімдері кәсіпорындарында кеңінен қолданылады.

10-нан астам жобаларды басқарған. 250-ден аса ғылыми еңбектердің авторы.

Соңғы жаңалықтар