«ҚазАқпарат» төте жазу торабы арқылы шеттегі қазақ жұртын Қазақстан жаңалықтарымен жан-жақты қауыштырды - қытайлық қаламгер Әділ Семейханұлы

құралдарының бүгінгі жай-күйін білейін деген ниетпен, Шынжаңдағы қазақша тарайтын ақпарат құралдарының ішінде шоқтығы биік басылымдардың бірі - «Шынжаң» газетіне арнайы ат басын тіреген еді. Төменде «Шынжаң» газеті қазақ тілші-редакторлар бөлімінің орынбасар меңгерушісі, қаламгер Әділ Семейханұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Құрметті Әділ Семейханұлы, ең әуелі Қытайдағы қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі жай-күйі, даму деңгейі жайында айтып берсеңіз.
- Бәр-бәрін айтар болсам әңгіме жетеді, бірақ сұрағыңызға қарай қысқаша шолып өтейін. Қытайдағы қазақ тілді ақпарат құралдарын сөз етпес бұрын, ең әуелі Қытай компартиясының осындағы аз ұлттардың мәдениетін, әдебиетін, ақпарат баспасөзін дамытуға үлкен қолдаулар көрсетіп отырғанын ерекше атап өткім келеді. Соның ішінде қазақ ұлтының ақпарат саласы да өз деңгейінде дамып келеді. Қытайда қазақ тілінде 3 теле арна мен 2 радио жұмыс жүргізеді. Бейжіңнен әуе толқынына шығып жатқан қазақ радиосы мен «Шынжаң халық радио стансысының» құрылғанына 60 жылдай уақыт болды. Шынжаң телеарнасы 1985 жылдан қазақ тіліндегі бағдарламалар тарата бастаған. Сонымен бірге облыстық, аймақтық қазақша тарайтын телеарналар бар. Қазақ тілінде шығатын газеттерден "Шынжаң газеті", «Пайдалану хабарлары» газеті, "Іле газеті", "Алтай газеті", "Тарбағатай газеті", " Шынжаң ғылым-техника газеті", "Іле ғылым-техника, информация газеті" сынды кең тарайтын газеттер бар. Ал қазақ тілінде шығатын жұрналдардың саны 40-қа таяу. Соның ішінде "Іздену", "Ұлттар ынтымағы", секілді мемлекеттік дәрежелі саяси жұрналдарды, "Шынжаң оқу-ағартуы", "Ғылым бұлағы","Тіл және аударма", "Көкжиек", "Шұғыла", "Мұра", "Оқырман өресі", "Шынжаң мал шаруашылығы" секілді ғылыми-әдеби жұрналдарды атап айтуға болады. Ал қазақ шығармаларын сапалы етіп халықпен жүздестіріп отырған арнайы баспа орындарынан "Ұлттар баспасы", "Шынжаң халық баспасы", "Шынжаң жастар-өрендер баспасы", "Денсаулық, ғылым-техника баспасы", "Шынжаң оқу-ағарту баспасы", "Іле халық баспасы" сияқтылар бар. Бұл баспалар үкіметтік тапсырыстар және жеке қаржы табу жолдарымен әртүрлі кітаптар шығарып отырады.
- Өзіңіз бір тізгінін ұстап отырған «Шынжаң» газеті халық қажеті үшін қалай жұмыс жүргізіп келеді?
- «Шынжаң» газеті - Шынжаңдағы қазақ басылымдарының «қара шаңырағы» аталған, 60 жылдық тарихы бар арда басылымдардың бірі. Төрт тілде, яғни қазақ, қытай, ұйғыр және моңғол тілдерінде ақпарат беретін, мемлекеттің біртұтас басқаруындағы газет. Бұл газеттің түп-төркіні сонау XX ғасырдың 30 жылдарында шыққан "Тияншан» газетінен бастау алады. Ел азаттығынан бастап кемелденіп шыққан «Шынжаң» газеті бұл күндері кезінде машинаны қолмен айналдырып басатын 4 беттік апталық газеттен бүгінде лазер нұрымен шығатын күнделікті газетке айналды. Мазмұны байып, партия газетінің басты міндеттерін орындаумен бірге, ұлттық танымымызды көтеріп, заманға сәйкестендіру, ұлт мәдениетін өркендету және өсіру, ана тілді арнаға түсіру және дамыту, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу жағында еселі еңбек етіп, халықтың рухани қажетін қанағаттандырып келеді. Сонымен бірге біздің редакциямыз «Шинхуа» агенттігі қарамағындағы «Пайдалану хабарлары» атты газеттің қазақша нұсқасын дайындап таратады. Оның сыртында журналистердің ғылыми еңбектерін шығаруды мақсат ететін «Ақпарат ағыны» атты жұрналымыз бар.
- Нақтылы қандай тақырыптар қозғалатыны туралы тарқата айтып, түсіндіре кетсеңіз?
- Газетіміз күніне 4 бет, апта соңында 8 бет болып басылады. Мұның бірінші беті негізінен саяси, ауқымдық хабарлардан тұрса, екінші беті Шынжаңдағы негізгі жаңалықтар, ұлтымызға қатысты ерікті тілшілердің жазған хабарлары беріледі. Үшінші беті «Мәдениет және оқу ағарту», «Жас қанат», «Денсаулық», «Демократия және заң», «Шарайна» секілді айдарлармен толығып, онда ұлтымыздың мәдени өміріне перизаттық мұрағаттарына, оқу-ағартуға қатысты шағын мақалалар, отбасылық тәрбиедегі келеңсіздіктер тағы басқа ойтүрткі мақалалар жарияланады. Төртінші беті халықаралық жаңалықтардан тұрады. Ал апта соңында шығатын 8 беттің бесінші беті «Таразы» деген айдармен заңдық кеңес және қылмыстық хроника берілетін оқырман сүйіп оқитын беттердің бірі. Газетіміздің алтыншы бетінен орын алған «Дабыл» және «Көкейкесті» деген айдаршаларда ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көкейкесті мәселелер, толғақты түйіндер кейбір оқырман аңыстары да беріледі. Жетінші беті «Ақ қайнар» деген атпен ақын-жазушылардың, жалпы қазаққа ортақ ұлы тұлғалардың өмірі, сондай-ақ саясатқа қатыссыз қазаққа ортақ ұлттық мүддемізді қозғаған Қазақстан жазушыларының шығармалары да осы айдарша арқылы оқырманға таныстырылады. Сегізінші беті «Тасжарған» деген айдармен шығатын шетел әдебиетін негіз ететін бет. Мұнда көлемі шағын шетел туындылары беріледі. Ал әр жексенбі күні берілетін «Әдебиет» айдарында Шынжаң аймағындағы жас ақын, жазушылардың әңгімелері мен өлеңдері беріледі.
- - Редакцияларыңызда жалпы қанша адам жұмыс істейді?
- «Шынжаң» газеті қазақ редакциясында жалпы 53 қызметкер бар. Ондағы тілші, редактор, аудармашылар тұрақты жалақыларынан тыс қалам тербегеніне қарай, аударғанына қарай қаламақы алады. Негізінен барлығы баспана және басқа да шарт-жағдайларымен толық қамтамасыз етілген, тұрмыс деңгейі жақсы.
- Ақпарат құралдарының басында отырған соң, халықтың негізгі әлеует-ауқымын білесіз, мұндағы қазақтардың мәдениет саласында, экономикасында қандай өзгерістер бар?
- Қазір, құдайға шүкір, халық тұрмысы жақсарды. Жоғарғы билік те ауыл жағдайын жақсартуға күш салып жатыр. Халықтың еңбек ақысын көтерді, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп, баспана және төмен өсімді қарыз беру сынды экономикалық қиыншылықтарын шешіп беріп жатыр. Мәдениет жағында да ұлтымыздың ауызға аларлық жетістіктері жетерлік. Үрімжідегі, Құлжа мен Алтайдағы, Тарбағатайдағы қазақ көркемөнерпаздары сахнаға талай-талай комедия, опера, драма алып шығып, көрермендерін қуантып отыр. Соңғы жылдары «Ағажай» театры Шынжаңдағы әр ұлт халқының көзайымына айналып, халықтың қалауына бөленіп келеді. Жақында ғана Шаңхайда өткен «ЭКСПО-2010» дүниежүзілік көрмесіне арнайы шақырылған Шынжаң қазақтарының өнерпаздары қазақ мәдениетін тағы бір мәрте әлемге әйгіледі. Ал өткен күзде қазақтың ұмытыла бастаған ұлттық биі «Қара жорғаны» 10 мыңнан астам адамға билетіп, айды аспаннан бір-ақ шығарғанда, делебесі қозбаған қазақ қалмаған болатын. Шынжаңдағы қазақтардың бұндай ұлық істері бүгінгі Қазақ елі арасында да кеңінен қолдау тауып отырғанының өзі үлкен қуаныш, ұлттық құндылықты дәріптеудегі үлкен жетістік. Өйткені қазіргі таңда Қазақстанда да «Қара жорғасыз» жиын-тойдың сәні келмейтін көрінеді. Шынжаң қазақтары бұндай мерейді үстем қылатын мәні зор ерлікті жақында тағы бір мәрте қайталады. Мамыр айының соңында Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданында 28 ұлттан құралған 10 мың 495 домбырашы бір мезетте «Кеңес» күйін шертіп, Гиннестің рекордтар кітабынан тағы да орын алды. Мұндағы қазақтардың кино саласы да өз қадерінше дамып келеді. Соңғы жылдары экранға шығарылған «Көрікті мекен», «Бөрі соқпақты боз дала», «Гүлбике» секілді фильмдер қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігі кеңінен суреттелген, ұлттық бояуы қанық берілген тамаша туындылар ретінде бағаланды.
- Қазақ мемлекетінің бүгінгі даму үрдісіне қандай баға айтар едіңіз?
- Қазақ елінде болып жатқан түрлі өзгерістер шетте жүрген әрбір қазақты елеңдетіп отыратындығы шындық. Өз басым Қазақстанның бүгінгі жетістіктеріне, бағындырған белестеріне мақтанышпен қараймын. Қазақстан Президент Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында қазақ елінің халықаралық беделі жоғарылады. Жиырма жылға да тола қоймаған тәуелсіздік тарихында талай-талай тамаша табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде халықаралық беделі ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына сайлануы Қазақстанның сыртқы саясатын халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағалауы деп білемін. Қазір Қазақстан мен Қытай дос, көрші елдер, Қытай Қазақстанның үлкен сауда серігі, әрине Қытайдың базар шаруашылық саясаты Қазақстанға үлкен үлгі десем болады. Екі ел достығының артуы екі елдің экономикалық дамуына үлкен септігін тигізеді деп қараймын. Қазақстанмен сауда барыс-келіс орнатылғаннан бері Қытайдағы қазақ жастары қазақстандық бизнесмендермен селбесіп, үлкен-үлкен кәсіп көздерін ашып, халықаралық саудадағы өз орындарын көрсете бастады. Ылайым, достығымыз баянды бола берсін.
- Қазақ ақпарат агенттігі көптен бері өз сайтына Қытай қазақтарына арнап төте жазу үлгісін қосқанын білесіз, осыдан халық қаншалықты игілік көріп жатыр?
- Қазақ ақпарат агенттігі Қазақ редакциясының шеттегі қазақтарға арнап жасап жатқан бұл игі ісі ерекше жақсы бастама болды. Қазақ елінің бүгінгі тыныс-тіршілігі әлемдегі әрбір қазақты бей-жай қалдырмайды. ҚазАқпараттың бұл төте жазу сайты Шынжаң қазақтарын Қазақстан жаңалықтарымен қауыштырды. Қазір қазақ елінде орын алып отырған оңды оқиғаларды, алыс та жақын елдермен арадағы саяси-экономикалық, мәдени-ғылыми, іскерлік ынтымақтастықтарын және басқа да нақты ақпараттарын күнделікті көріп отыратын болдық. Шеттегі қалам тербеген жастар Қазақстан әдебиетінен сусындағысы келеді. Ғаламтор дамыған бүгінгі күнде біздің жас қаламгерлер Қазақстандағы жазушылардың, журналистердің шығармаларын оқу арқылы тіл қолданысын, ақпарат беру шеберлігін үйреніп, өздерін шыңдау орайына ие болды. Алайда, мұндағы қазақтардың А. Байтұрсынұлы жасап кеткен төте жазу үлгісін қолданатындығын білесіз. Әліпбидің әртүрлілігі себебінен Қазақстан шығармаларын оқуда, ақпараттық жаңалықтарын көруде көптеген қиындықтарға ұшырайды.
Агенттіктеріңіздің ашқан төте жазу сайты осы олқылықтың орнын толықтырды. Бұл сайттың одан әрі дамып, мазмұны толыға түсуін тілеймін әрі шеттегі қазақтардың атынан үлкен алғыс айтамын. Мүмкіндік болса ҚазАқпарат агенттігінің «Шынжаң» газеті редакциясымен достық байланыстар орнатып, кездесулер өткізіп, сол арқылы шығармашылық ынтымақтастық жасасақ деп ойлаймын. ҚазАқпараттың 90 жылдық мерейтойы да келіп жетіпті. Осындай мерекелі сәтте ҚазАқпарат ұжымын торқалы тойымен құттықтап, ақпарат жолында тың табыстарға жетіп, бағындырар белестері көбейе беруін тілеймін.