10:52, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Қазақстан 2009 жылы экономиканың өсуіне үмітті - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың «Рейтер» агенттігіне сұхбаты
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі «Рейтер» ақпараттық агенттігіне сұхбат берді.
ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, сұхбаттың мәтінін назарларыңызға ұсынады. Қазақстан 2009 жылы экономиканың өсуін күтеді және салық жүктемесін төмендетуді жоспарлап отырған жоқ, деді министр «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында. Министр ел экономикасына тәуекелдердің әлемдік баға мен сұраныстың тұрақсыздығынан келуі мүмкін екенін айтып, бірақ та 2008 жылғы 3,8 пайызбен салыстырғанда, Үкіметтің ағымдағы жылы жалпы сомасы 25 миллиард долларды құрайтын дағдарысқа қарсы шараларының арқасында жалпы ішкі өнімнің 1,0 пайызға өсуін күтетінін қуаттады. «Жылдық болжамды - бұрынғы деңгейге ? 1 пайыз көлемінде сақтап отырмыз», - деді министр өз сөзінде. Әлемдік дағдарыс мұнай мен металдардың әлемдік бағасына тәуелді Қазақстан экономикасына қатты әсер етіп отыр. Бірінші тоқсанда экономиканың құлдырауы, өткен жылғы 6,0 пайыз өсіммен салыстырғанда, 2,2 пайызды құрады. Халықаралық валюта қоры 2009 жылы Қазақстан экономикасын 2,0 пайызға төмендейді деп күтуде. Әлемдік сұраныстың азаюы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жағдайын қиындатып, І тоқсанда өнеркәсіптік өндірістің өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 3,5 пайыздық өсіммен салыстырғанда, 4,8 пайызға төмендетіп отыр.
Атап айтқанда ArcelorMittal Temirtau компаниясы, Қазақстандағы жұмысын жартылай немесе толықтай тоқтатуы мүмкін екенін мәлім етті. «Егер, олар тоқтап қалса, біз не істейміз? Ешкім сатып алмай жатқандықтан өндірісті тоқтату және ештеңе сатпау - бизнестің өз шешімі болса, бұл жағдайда мемлекет те ештеңе сатып ала алмайды, сондықтан да біз қосымша шаралар қабылдап жатырмыз», - деді Б.Сұлтанов. Министрдің айтуынша, Үкімет рентабельділігі нөл немесе теріс металлургиялық кәсіпорындар үшін пайдалы қазбалар өндірісіне салықты төмендету туралы қаулы қабылдады және осындай қаулыны мұнай секторы үшін әзірлеуде.
2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі корпоративтік табыс салығының, қосымша құн салығы мен әлеуметтік салықтың ставкаларын төмендетуді қарастырған. «Салық жүктемесін әрі қарай азайту шаралары бюджет түсімдерінің күрт азаюына әкеліп тіреп, әлеуметтік міндеттемелер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қауіп төндіреді», - деп ескертті Б.Сұлтанов. Өкімет 2009 жылдың бюджетін, мұнай баррелінің бағасын 40 доллар шамасында есептеп, жасаған болатын. «40 доллардан төмен баға бізге қиындау тиеді, солай бола қалған жағдайда, бюджеттің кейбір шығыстарын қысқартуға тура келеді, әлеуметтік міндеттемелерге тиіспейміз», - деді министр. «Біз үшін әлемдік баға мен сұраныстың тұрақсыздығынан өзге тәуекел жоқ», - деп Б.Сұлтанов ойын ортаға салды.Министр сонымен бірге, шағын және орта бизнесті дамытып, экономиканы әртараптандырып жаңа экономикалық «өзек» құру керек деп пайымдайды. «Бұл ұзақмерзімдік тәуекелдер, оларды азайту үшін, бізде экономиканы әртараптандырудан басқа мүмкіндік жоқ», деп түйіндеді сөзін министр.