«Қазақстан-2050» стратегиясы жалпыхалықтық қолдауға ие болды - депутат А.Бижанов
150-ден астам саясаттанушының басын қосқан алқалы жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, халықаралық сарапшылық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысқан еді. Форумға қатысушылардың бірі Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов «Қазақстан-2050» стратегиясының жүзеге асырылуының алғашқы нәтижелеріне қатысты ҚазАқпарат тілшісімен ой бөліскен еді. «Қазақстан-2050» стратегиясының жүзеге асырыла бастағанына жылдан астам уақыт өтті. Сондықтан да бүгін еліміздің саяси қоғамдастығы өздерінің конгресін өткізуге жиналып, бірқатар қорытындылар шығаруда. Өткен кезеңге сараптама жасап, болашаққа міндеттер жүктеуіміз қажет. Бұл ретте өткен жылдың ішінде айтарлықтай ауқымды жұмыстардың атқарылғанын атап өткім келеді»,- деді А.Бижанов. Оның атап өтуінше, біріншіден, ҚР Президенті Жолдауы Қазақстан халқының жалпы қолдауына ие болды. Екіншіден, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы-2020» сынды мемлекеттік бағдарламалар мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Ғылыми қамтымды технологиялар енгізумен байланысты көптеген мәселелер де өз шешімін тауып келеді. Ал бұл мәселелердің барлығы да Елбасының Жолдауында, яғни, Стратегияда анық көрсетілген мәселелер болатын. «Орта буын құруда негіз болып саналатын шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Әрине, мен мұны саясаттанушы ретінде кез келген мемлекет тұрақтылығының негізі дер едім», - деді ол. Халық қалаулысының атап өтуінше, осы кезең ішінде еліміздің сот-құқықтық жүйесін реформалау бойынша мақсатты бағдарланған жұмыстар жүргізілу үстінде. Парламентке де аталған жүйені толығымен реформалауды қарастыратын бірқатар заң жобасы келіп түскен. Бұдан бөлек, жергілікті жерлерде де Қазақстан халқының бірлігін, республикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар да лайықты дәрежеде жүргізілуде. Мәдени сипаттағы бірқатар мәселелер өзінің оң шешімін табуда. «Саясаттанушылар қоғамдастығының алдында зор міндеттер жүктеліп отыр. Ең алдымен Жолдауда айтылған проблемалы мәселелерді, заманауи сын-қатерлерді шешу үшін ғылыми база құру қажеттігі туындап отыр. Ұлтаралық қарым-қатынастар, дінаралық қарым-қатынастар, тұрақтылықты, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз ету сынды проблемаларды шешу қажет. Әрине, саясаттанушылар қоғамдастығы біріктірушілік зор мәнге ие «Мәңгілік ел» отансүйгіштік актісі бағдарламасын жүзеге асыруда да айтарлықтай мәнге ие болуы қажет. Қорыта айтқанда, біздің мемлекетіміздің әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына қосуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізілуде», - деді А.Бижанов. Айта кетерлігі, алқалы жиынға қатысушылар Қазақстанның стратегиялық бағдары мен ұзақ мерзімді болашақты жоспарлау көкжиегін кеңейтудің негізгі бағыттарын айқындап берген «Қазақстан-2050» стратегиясының зор маңызы мен тарихи сипатын атап көрсетті. Сонымен бірге олар саяси дамудың өзекті проблемалары талқыланатын беделді пікірталас алаңдарының рөлін арттыру қажеттігіне баса назар аударды. Іс-шара қорытындысында еліміздің саясаттанушылар қоғамдастықтарына ұсыныстар берілген қарар қабылданды. Аталған құжатта халықтың қазіргі заманғи саяси үдерістер туралы хабардарлығын арттыруға жағдай жасау, саясаттанушылардың жобалары мен саяси ғылымдар саласындағы қызмет нәтижелерінің банкін құру, отандық ғалымдардың ғылыми нәтижелерін тарату сынды өзекті мәселелер көтерілген.