Қазақстан алдағы 5 жылда табыс деңгейі жоғары елдердің қатарына енеді

. Бүгін Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен «Нұр Отан» ХДП Фракциясының отырысы дәл осы мәселелерді қаузады. «Сүт сұрай келіп, шелегіңді жасырма» демекші, негізгі баяндамашы тізгінін қолға алған Премьер-Министр әлемдік экономика рецессиясы орын алу мүмкіндігінің барлық белгілері байқалып отырғандығын айтып, тағы да дағдарыс орын алған жағдайда 2012 жылдың респбулика бюджетін қайта қарау ұсынысымен халық қалаулыларының алдына келулері мүмкін екендігін жасырмады. «Мен әлемдік рецессия орын алған жағдайда қолдау көрсетулеріңіз үшін көмекке тағы бір рет келуге мәжбүр болатындығымызды жасырмаймын. Дегенмен, біздің бірлескен іс-әрекеттеріміз әрқашанда да оң нәтиже беретіндігін тәжірибе көрсетті», - деп атап өткен ол ел Үкіметінің әлемдік дағдарыс қайталанған жағдайда қолданатын нақты бағдарламаны әзірлеп, сақадай-сай тұрғандығын да жеткізді.
Алдымен еліміздің жетістіктеріне тоқталған К.Мәсімов әлемдік-экономикалық дағдарыстың ең қиын кезінде де Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің терең құлдырауына жол берілмегендігін баса айтты. Бүгінде еліміз Бразилия, Малайзия, Түркия сынды табыс деңгейі орташа елдер арасында көшбасшылық орында тұр. Ендігі міндет - табыс деңгейі жоғары елдердің қатарына ену. Ол үшін жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың АҚШ долларынан кем болмауы тиіс. «Біз бұл деңгейге 2016 жылы қол жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті ол.
Оның атап өтуінше, өткен жылы ЖІӨ 148 млрд. АҚШ долларынан асты. Бұл Орта Азиядағы төрт мемлекеттің жалпы ішкі өнімдерін қоса есептегеннің өзінде 2 есеге жоғары. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2010 жылы 6,5 пайызға, яғни 2 есеге қысқарды. Бюджет саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 2 есеге ұлғайып, 2011 жылғы 1 шілдеден бастап 67 мың теңгеден асты. Екінші деңгейлі банктерде халықтың салымы 2011 жылғы шілдеде 2,5 трлн. теңгеден асып, 2007 жылғы қаңтармен салыстырғанда 1,5 трлн. теңгеге ұлғайды. Жұмыссыздық деңгейі 2007 жылғы 7,3 пайыздан биылғы екінші тоқсандағы 5,4 пайызға дейін, жастар арасындағы жұмыссыздық 2007 жылғы 9,4 пайыздан 2010 жылғы 5,2 пайызға дейін төмендеді. Содан бері 1 млн. 170 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында 19,7 млн. шаршы метр пайдалануға беріліп, шамамен 535 мың қазақстандық баспаналы болды. Зейнетақы, шәкіртақы, жөргөкпұл өсіп, бюжет саласының қызметкерлерің жалақысы көтерілді. 137 балабақша, 343 мектеп және 49 техникалық және кәсіби білім беретін мекеме, 145 денсаулық сақтау нысаны салынды. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында жалпы сомасы 14 млрд. теңгені құрайтын 227 жоба іске қосылды. 29 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, 100 млрд. теңгеден астам қаржыға өнім шығарылды. Ал екінші жартыжылдықта 617 млрд. теңге көлеміндегі қаржыға тағы да 129 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 14,5 мың тұрақты жұмыс орнының құрылуына септігін тигізеді. Елдегі іскерлік ахуал айтарлықтай жақсарды. Тек ағымдағы жылдың ішінде ғана 1015 рұқсатнамалық процедуралардың 331 қысқартылды. Лицензия алу кезінде «жалғыз терезе» ұстанымы енгізілді.
Теңге тұрақтылығын сақтауға әлеует жетеді
Аумалы-төкпелі кезеңде тұрған әлемдік экономикадағы жағдайға қарамастан Қазақстан төл теңгеміздің тұрақтылығын сақтауда жеткілікті әлеуетке ие. Бұндай пайымды алқалы жиын барысында Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко білдірді. «Әлемдік экономикада орын алып жатқан жағдайға қарамастан, қазіргі уақытта айырбас курсы тұрақты болып отыр. Бізде ұлттық валютаның тұрақтылығын одан әрі қолдауға мүмкіндік беретін жеткілікті әлеует бар», - деді ол.
Дегенмен оның атап өтуінше, ағымдағы жылы валюта нарығындағы жағдай тұрақты болып тұр. Теңге курсы 1 АҚШ долларына 145,2 және 145,5 шегінде ғана ауытқуда. Толықтай алғанда аталған кезеңде АҚШ доллары бойынша теңгенің нығаюы номиналды мәнде 0,7 пайыз, ал АҚШ долларына теңгенің нақты мәнде нығаюы 4,3 пайызды құрады. Бұл орайда аталған кезеңде ресейлік рубльдің АҚШ долларына қатысты нығаюы 12 пайыздан асып түскендігін атап өткен орынды. Яғни, бұл ресейліктермен салыстырғанда қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі арта түскендігін білдіреді. «Ұлттық валютаның тұрақтылығы Ұлттық банкке елдің алтын-валюта активтерін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мәселен, тамыздың соңында жиынтық актив 76 млрд. доллардан асып түсті. Бұл 2010 жылдың желтоқсанындағы жағдайдан 29 пайызға артық», - деген Г.Марченконың айтуынша, Ұлттық банктің алтын-валюта активтері 36 млрд. долларды, Ұлттық қордікі 40 млрд-тан астам долларды құрайды.
Қазақстан 2015 жылға қарай жанар-жағармай тапшылығынан арылады
Есте болса, шілде айында жанармай бағасы жер-жерде күрт көтеріліп, қоғамда біраз дүрбелең туғызған болатын. Іске арағайын болып араласқан Үкімет еліміздегі жанар-жағармай бағасының негізсіз көтерілгендігін айтып тамырын дәл басқанымен, жемге-жем келгенде мұнай өнімдерінің көтерме жеткізушілерінің ығына жығылып, бекітілген шекті бағаны 102-ден 106 теңгеге көтерген-ді. Қазіргі уақытта қымбаттаған бензинге де зар болудамыз. Республика аумағында ара-тұра бензин тапшылығы сезіліп отыр. Бүгінгі отырыс барысында осы мәселені көтерген халық қалаулысының сауалына жауап берген Үкімет басшысының атап өтуінше, еліміздің Мұнай және газ министрлігі респубилка аумағындағы жанар-жағармай тапшылығын төмендету үшін бензиннің қосымша көлемін сатып алмақ. «Қазіргі уақытта министрлік жедел шараларды қабылдауда, оның ішінде Қазақстан аумағында жеткізу үшін қосымша көлемін сатып алу да бар», - деді ол.
Ал Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың атап өтуінше, еліміздегі жанар-жағармай тапшылығы ағымдағы жылдың қазан айының ортасына таман еңсерілетін болады. Дегенмен, бұл бензин тапшылығынан толығымен арыламыз деген сөз емес. Бұл мәселенің түбегейлі шешілуі үшін кемінде 4-5 жыл керек. Өйткені ел аумағындағын сонау кеңестік дәуірден мұра болып қалған, тозығы жеткен айналдырған 3 мұнай өңдеу зауытының республиканы толығымен қамтамасыз етуге қауқары жетпейді. Оларды қауқарлы ету үшін жаңарту қажет. Бұл Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойып отырған міндеттерінің бірі. Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңарту аясында 2,6 миллиард доллардың 3 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, біріншісі, ЭЛОУ-АВТ вакуумдық блогының қуатын арттыруға арналған. Оған 300 миллион доллардың инвестициясы жұмсалады. Екіншісі, 1,2 миллиард доллардың бензол және арамотикалық көмірсутектер өндіру кешенінің құрылысы жобасы. Үшіншісі, 1,1 миллиард долларға бағаланатын мұнайды терең өңдеу кешені құрылысының жобасы. Ал Шымкент пен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарындағы қайта құру жобаларының техникалық негіздемелері жасалуда. Жалпы үш зауытты жаңартуға 4 млрд. доллардан астам инвестиция жұмсалады. Демек, осы зауыттарды 2015 жылға дейін толығымен жаңарта алсақ, онда жанар-жағармай тапшылығынан арылуға қадам бастық деуге болады. Яғни, С.Мыңбаевтың сөзімен айтсақ, жанар-жағармаймен қамтасыз етуде өз тәуелсіздігімізді қолға аламыз.